"Ерлігі үшін" медалі марқұмдардың отбасыларына табысталды

2677

Сондай-ақ, апатпен күресуге белсене қатысқан азаматтарға ішкі істер министрінің бұйрығымен "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалі берілді. 

 "Ерлігі үшін" медалі марқұмдардың отбасыларына табысталды

Жаркент өңірінде болған өртті өшіру кезінде қаза болған азаматтарға "Ерлігі үшін" медалін беру туралы Президенттің Жарлығына сай, мемлекеттік наградаларды бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов марқұмдардың отбасыларына табыстады, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.

Панфилов ауданына жасаған сапарында облыс басшысы алдымен ерлікпен қаза тапқан Еркінбек Оспановтың шаңырағында болып, отбасына көңіл айтып, барынша қолдау шаралары көрсетілетінін жеткізді.

Бұдан кейін облыс басшысы орталық аудандық ауруханаға барып, өрттен зардап шеккен Ғабит Мақұстовтың денсаулық жағдайын сұрап білді. Тез қатарға қосылып, аяғынан тік тұруына тілектестігін білдіріп, оған қажетті барлық медициналық мүмкіндіктер жасалатынын атап өтті.

Мұнан соң аудан әкімдігінде жиын өткізіп, өрт сөндіру кезінде ерлік көрсеткен азаматтарды марапаттады.

Талды ауылдық округінің аумағындағы өршіген тілсіз жауды өшіру кезіндегі жұмылдыру шараларына тоқтала келе, облыс әкімі А. Баталов қызыл жалынмен күресте ерен ерлік көрсеткен азаматтардың есімдері мәңгі есте қалатынын атап өтті.

Осы жиында өртті ауыздықтау кезінде мерт болған ауыл тұрғындары Айтқазы Немелтаев пен Қанат Үсембековке Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген "Ерлігі үшін" медалі марқұмдардың жақындарына табысталды. Сол сияқты апатпен күресуге белсене қатысқан азаматтарға ішкі істер министрінің бұйрығымен "Өртте көрсеткен қайсарлығы үшін" медалі берілді. Олардың қатарында Жаркент орман шаруашылығы басшысының орынбасары Бауыржан Түйебаев, орманшылар Бақтыбай Рахимжанов, Ғабит Мақсұтов, Бауыржан Торғаев, орман шаруашылығының жұмысшылары Ленура Иманбаев, Руслан Мейірманов, аудан тұрғыны Сәкен Қайратов бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу