Құрбандардың арасында елге кеңінен танымал поп-музыка орындаушысы Йейсон Хименес (Yeison Jiménez) те бар.
Алдын ала мәліметке сәйкес, әуе кемесі Бояка департаментіндегі Пайпа қаласынан Медельин бағытына ұшып шыққан. Алайда ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін көп ұзамай апатқа ұшыраған.
35 жастағы музыкант Медельинде өтетін концертке бет алғаны белгілі болды. Оның қазасы Колумбия халқы арасында үлкен қайғы туғызды. Әлеуметтік желілерде миллиондаған жанкүйері көңіл айтып, марқұмның отбасына қолдау білдіруде.
Апаттан кейін көп ұзамай Йейсон Хименестің бұған дейін телебағдарламалардың бірінде айтқан сөзі қайта тарала бастады. Музыкант сұхбат барысында бірнеше рет әуе апатына қатысты түс көргенін баяндаған екен.
"Маған 3 рет ұшақ апаты туралы түс кірді. Түсімде мен ұшқышқа барып, ұшақты кері бұруын сұраймын. Ал ол: "Мұны айтқаның жақсы болды, шынымен де бір нәрсе дұрыс емес еді", – деп жауап береді. Бір түсімде тіпті біздің қаза тапқанымызды және бұл туралы жаңалықтарда хабарланғанын көрдім", – деген еді ол телешоу кезінде.
Йейсон Хименес 1991 жылы Кальдас департаментіндегі Мансанарес қаласында дүниеге келген. Ол соңғы жылдары Колумбиядағы ең танымал әрі ең көп тыңдалатын әртістердің біріне айналды. Әншінің "Aventurero", "Vete", "Mi venganza" сынды хиттері кеңінен танымал болды.
Қазіргі таңда апаттың нақты себептері анықталып жатыр. Тергеу жұмыстары жалғасуда.