Қазақ астығы Қытай арқылы Вьетнамға жөнелтілді

868

Қазақ астығы Қытай арқылы Вьетнамға жөнелтілді

Бүгін 720 тонна Қазақстан астығы тиелген 32 контейнер шығысқытайлық Ляньюньган портынан Вьетнамның Хошимин портына жөнелтілді. Бұл туралы "ҚазАқпарат" ХАА хабарлайды.

"Барлығымыз да ұзақ уақыт күткен екі ел үшін де маңызды оқиғаға куә болып отырмыз. Қазақстан мен Қытайдың көлік компанияларының өзара тығыз іс-қимылының арқасында  еліміз алғаш рет Вьетнамға астық экспорттау мүмкіншілігіне ие болды. Астықты алғаш рет жөнелтуді "Қазақстан темір жолы" ҰК" АӨ-ның еншілес кәсіпорны "KTZ Express" АҚ-ы "Ляньюньган қаласындағы қытайлық-қазақстандық халықаралық логистикалық компания" мекемесімен бірлесе отырып жүзеге асырды", - деді астықты жөнелтуге арналған салтанатты шарада ҚР-ның Қытайдағы Елшілігінің кеңесшісі Сәуле Нұрғалиева. "Ляньюньган қаласындағы қытайлық-қазақстандық халықаралық логистикалық компания" мекемесі Директорлар кеңесінің төрағасы Дин Жуй өз сөзінде Қазақстан астығын Вьетнамға жеткізу "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасын жүзеге асыруға зор үлес қосатындығын баса айтты.

Оның айтуынша, Қытай Қазақстан арқылы көлік дәлізін дамытуға қолдау көрсетуге, сонымен бірге ҚХР аумағы арқылы қазақстандық өнім экспортын Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне жеткізуге қолұшын беруге дайын. Келешекте тараптар аталған дәліз арқылы Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің жеміс-жидегі мен басқа да өнімдерін Қазақстанға импорттауды жолға қоюды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетсек, Ляньюньган қаласындағы қазақстандық-қытайлық көлік-логистикалық терминал 2014 жылдың мамырында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған болатын. Ляньюньган порты әлемдегі ең ірі 20 порттың қатарына кіреді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу