Алматы қаласында өткен Орымбек Жəутіков атындағы XV халықаралық олимпиадада Астана қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Санжар Мажит алтын медальге ие болды, деп хабарлайды abctv.kz.
Әлемнің 18 елінен келген 540 мықтымен білім жарыстырған Санжар 11-сынып оқушыларымен сайысты. Ол әлемде қазақ баласына математикадан тең келетін қарсылас жоқ екенін тағы бір мәрте дәлелдеп, жүлделі бірінші орын мен алтын медальді жеңіп алды. Осылайша жеңіс тұғырында қазақтың көк байрағын желбіретіп, әнұранын шырқатты.
Айта кетейік, Санжармен қатар Астана қаласындағы республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушылары Айдын Ардабек пен Жандос Əбдіғалиев математика пəнінен қола, 11-сынып оқушылары Əмірхан Байлин мен 9-сынып оқушысы Рауан Қалдыбаев физика пəнінен қола медальға қол жеткізді.
Жеңімпаз бен жүлдегерлерге Астанадағы Назарбаев университетінің, Алматыдағы Сүлеймен Демирель университетінің жəне Мəскеудегі жоғары экономика университетінің гранттары табысталды.