Өнер майталманымен қоштасу Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді, деп жазады inbusiness.kz.
Болат Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семейде дүниеге келген. 1945 жылы отбасымен Алматыға қоныс аударған. 1955 жылы Алматы хореографиялық училищесін тәмамдаған. 1957 жылы Ленинград академиялық хореографиялық училищесінде білім жетілдіру курсын тәмамдаған. 1957-59 жж Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында солист болған. 1964 жылы Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнері институтының балетмейстр бөлімін (КСРО халық әртісі Ростислав Захарованың сыныбында) тәмамдаған.
1964 жылы 26 жасында Алматы хореографиялық училищесін көркемдік жетекші ретінде басқарған. 1964-1965 жж Абай атындағы опера және балет театрының балетмейстр және бишісі ретінде қызмет атқарған.
1964-1967 жж И.Манская мен Б.Аюханов бірлесе құрған "Екі актер театры" аталатын ұжымда еңбек етеді, оның репертуары "Казақконцерт" жанынан өздері құрған "Алматы жас балеті" ансамблінің негізіне айналады. 1975 жылы бұл ұжым Мемлекеттік классикалық би ансамблі деп аталды. 1998 жылы ұжым "академиялық" атақ алды. 2003 жылы Болат Аюхановтың труппасы Мемлекеттік академиялық би театрына айналды.
Болат Аюханов классикалық би түріне ғана емес, ұлттық хореографияға да ерекше көңіл бөліп, халық биінің де, неоклассикалық мәнердегі заманауи бидің де дамуына өлшеусіз үлес қосты. Сонымен қатар, бірнеше фильмге түсті.
1965-2010 жылдары ол қазақ композиторларының музыкасына отыздан астам балет қойылымдарын қойды.
Қазақ ССР халық әртісі Болат Аюханов 85 жасқа қараған шағында өмірден өтті.