Хорватия астанасы Загребте жылдың биылғы маусымдағы алғашқы рейтингілік турнир басталды. Бірінші жарыс күнінде Қазақстан сапынан Азамат Дәулетбеков финалға шықты, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты Olympic.kz порталына сілтеме жасап.
Еркін күрестен 86 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Азамат алғашқы айналымда әлем чемпионатының күміс жүлдегері (2019), үндістандық Дипак Пунияны 6:2 есебімен жеңді.
Келесі кезеңде қазақ балуаны украиналық Валентин Бабийді 11:0 есебімен жеңіп, ширек финалда грузиялық Евсем Швелидзені 10:0 есебімен тізе бүктірді.
Жартылай финалда Дәулетбеков Израиль өкілін ірі есеппен жеңіп кетті. Финалда Дәулетбеков Болгария атынан сынға түсетін дағыстандық Магомед Рамазановқа қарсы шығады.
Азамат Дәулетбеков еркін күрестен әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы. Ол балуандар арасынан Париж Олимпиадасына жолдама алған әзірге жалғыз спортшы.