Венгрияның екі ірі компаниясы – Aranynektár Kft және Fulmer Hungarian Honey Ltd – отандық өндірушілермен тікелей жұмыс істеуге ниет білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"QazTrade" ұлттық экспортты ілгерілету операторының бас директоры Айтмұхаммед Алдажаров аталған компаниялармен келіссөз жүргізді. 2001 жылдан бері жұмыс істейтін венгриялық "Aranynektár Kft"жылына 4 мың тоннаға дейін балды қайта өңдеп, Еуроодақ елдеріне, Таяу Шығыс пен Азияға экспорттайды. Компания өкілдері қазақстандық балдың сапасын жоғары бағалап, сатып алғысы келетінін айтты.
Сонымен қатар, "Fulmer Hungarian Honey Ltd"компаниясымен жеке кездесу өтті. Бұл – ғасырлық тарихы бар отбасылық бизнес, бүгінде Еуропадағы ең ірі органикалық омарта өнімін 40-қа жуық елге шығарады.Кездесуде компания директоры Ференц Фулмер қазақ балындағы ерекше дәм мен табиғилықты жоғары атап өтті.
"Қазақстандық бал Еуропа нарығын бағындыра алады. Өйткені экологиялық таза. Біз Венгриямен әріптестікті жүйелі жүргізіп отырмыз. Бұған дейін аталған елде ҚР Сауда және интеграция министрлігінің қолдауымен сауда-экономикалық миссия өткен болатын. Бүгінде Венгрияда QazTrade-тің серіктес кеңсесі жұмыс істеп тұр. Ол жергілікті компаниялармен тікелей байланыс орнатып, қазақстандық өндірушілерге қолдау көрсетіп келеді", – деді Айтмұхаммед Алдажаров.
Келіссөз қорытындысы бойынша алғашқы 20 тонна балды жеткізу жоспарда. Қазір Венгрияда 80-нен астам бал үлгісі зертханалық тексерістен өтуде.
QazTrade мәліметінше, 2024 жылы қазақстандық бал экспорты $1,58 млн құрап, өткен жылмен салыстырғанда 57%-ға өскен. Бүгінде қазақ балы Қытай, Канада, АҚШ, Сауд Арабиясы, БАӘ және басқа да елдердің сөрелеріне жетіп үлгерген.