Польша елінің астанасы Варшавада Феликс Штамм атындағы халықаралық турнир басталды. Биыл бұл жарыс 35-ші рет ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды vesti.kz.
Жарыстың алғашқы күні шаршы алаңға 4 боксшымыз шықты. WSB сериясында 2 жыл қатарынан үздік боксшы атанған Асланбек Шымбергенов (69 кг) алғашқы кездесуінде поляк боксшысы Максимилиана Гибадлоны айқын жеңді. 56 кг-ға дейінгі салмақта Ілияс Сүлейменов болса түрікмен боксшысы Якуб Мередовтан айласын асырды.
Өкінішке қарай, қазақстандық екі боксшы жарысты алғашқы айналымда-ақ аяқтады.
Бүгін күндізгі сессияда (сағат 16:00) Бекдәулет Ибрагимов (64 кг) алғашқы кездесуіне шығады. Кешкі сессияда (22:00) Ержан Жомарт (49 кг), Ілияс Сүлейменов (56 кг) пен Айболды Дәуренұлы (+91 кг) шаршы алаңға шығады.
Ертең Абай Төлеш (75 кг), Әділбек Ниязымбетов (81 кг) пен Антон Пинчук (91 кг) алғашқы жекпе-жектерін өткізеді. Жарыс 16 наурызға дейін жалғасады.