Қазақ футболын дамытуға қанша қаржы жұмсалғаны белгілі болды

Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов айтып берді. 

Қазақ футболын дамытуға қанша қаржы жұмсалғаны белгілі болды Фото: primeminister.kz

Депутаттар сауалына жауап берген Үкімет басшысы 2026 жылдан бастап шетелдік спортшыларды қаржыландыруға тыйым салынатынын тағы бір ескерте кетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

– Әкімдіктер жыл сайын жергілікті бюджеттен футболды дамытуға және өңірлердегі кәсіпқой клубтарға қаражат бөліп келеді. 2025 жылы футболды дамытуға 34,9 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Оның 31,8 млрд теңгесі кәсіпқой футбол клубтарын (Премьер-лига және Бірінші лига клубтары) қолдауға, ал 3,1 млрд теңге балалар мен бұқаралық футболды дамытуға бағытталған, – деді Олжас Бектенов.

Қаржының тиімді жұмсалуын бақылау үшін 2021-2025 жылдары мемлекеттік аудит органдары мен өңірлік тексеру комиссиялары тарапынан 12-ден аса жоспарлы және жоспардан тыс бақылау жұмыстары жүргізілген. 

Үкімет басшысының сөзінше, аталған жұмыстар аясында кәсіпқой футбол клубтарын қамтитын басқармалар мен мекемелердің қызметі қаралып, 100-ден аса заң бұзушылық тіркелген. 

– Сонымен қатар, "Ақтөбе" және "Қызылжар" футбол клубтарына қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамалар жасалды. 2025 жылы "Ақтөбе" футбол клубына (Ақтөбе облысы) қатысты облыстық прокуратура жүргізген тексеру нәтижесінде 250 млн теңгеден астам қаржының мақсатсыз жұмсалғаны анықталды, – деп нақтылады Премьер-министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу