Қазақ ғалымдары сүйінші жаңалығын жария етті

Олар ауызсуды тазартатын инновациялық қондырғы жасап шығарған.  

Қазақ ғалымдары сүйінші жаңалығын жария етті Фото: gov.kz

Қазіргі уақытта судың өнеркәсіптік өндіріске дайын тәжірибелік үлгісі ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Осылайша, Сәтбаев университетінің ғалымдары ауызсуды бір мезгілде тазартатын, белсендіретін әрі зарарсыздандыратын көпфункционалды, көпсатылы құрылғы әзірледі. 

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Су экономикаға, экологияға, халықтың денсаулығына, жалпы барлық салаға ерекше ықпал етеді. Сондықтан судың таза әрі қолжетімді болуы өте маңызды" деп атап өткен еді. 

Сәтбаев университеті ғалымдарының әзірлемелері жаңа технологияларды тәжірибеге енгізуге және елдегі су қауіпсіздігі саласындағы маңызды міндеттерді шешуге мүмкіндік бере түспек. 
Осы мақсатта инженер-эколог, PhD докторы Үмбетәлі Сарсембиннің жетекшілігімен ауызсуды көпсатылы өңдеуге арналған "АкваКөз" деп аталатын көпфункционалды құрылғы пайда болды. 

"Аквакөз" қондырғысының ерекшелігі судың табиғи минералдық құрамын сақтай отырып тазартады. Бұл құрылғы суды тазартып ғана қоймай, адамның денсаулығын нығайтып, ұзақ өмір сүруге ықпал етеді. Қондырғыдан өткен судың қышқылды-тотықсыздану потенциалы –130-дан –150 мВ-қа дейін жетеді, бұл көрсеткіш судың биоактивті екенін көрсетеді. Сонымен қатар, судың pH деңгейі 7,4-ке тең болады. 

– Біздің технологиямыз үш сатылы жүйеге негізделген: алдымен фильтрация мен сорбция арқылы механикалық және органикалық қоспалар жойылады, кейін озондау процесі микроағзаларды жойып, суға антиоксиданттық қасиет береді, ал соңғы кезеңде ауыр металдар мен қалған ластаушы заттар толығымен алынады. Нәтижесінде металдардан, вирустар мен бактериялардан таза, қауіпсіз ауызсу алынады, – деді Үмбетәлі Сарсембин.

Жоба ҚР Ғылым қоры мен бизнес қауымдастығының қолдауымен жүзеге асқан. Жаңа қондырғыны тұрғын үйлерде, ауылдық елді мекендерде, медициналық мекемелерде, тамақ өнеркәсібінде және төтенше жағдайларда қолдануға болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу