"Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі Қазақстанның атынан "Оскар" сыйлығына ұсынылды, деп хабарлайды Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" АҚ баспасөз қызметі.
Екінші маусымның оқиға желісі Жәнібек пен Керей хандардың Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы айналасында өрбиді. Фильмнің сценарийі Ілияс Есенберлиннің "Алмас қылыш" романының негізінде жазылған.
"Қазақ хандығы" киносериалының екінші маусымы – "Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмін ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша "Centaurus Rustem Abdrashev production" ЖШС-нің қатысуымен Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген. Аталған фильм биыл наурыз айында прокатқа шыққан болатын.
Айта кетсек, өткен аптада "Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі Парижде өткен Қазақ киносының фестивалі аясында көрсетіліп, "Үздік тарихи туынды" естелік жүлдесімен марпатталды. Ұйымдастырушылар бұл сыйлықты фильмді көрермендерге таныстыру үшін Францияға арнайы барған режиссер Рүстем Әбдірашев және актриса Мадина Есмановаға табыстады.