"Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі биыл наурыз айында прокатқа шығады, деп хабарлады ҚР МСМ баспасөз қызметі.
"Екінші маусымда Жәнібек пен Керейдің Әбілқайыр Шайбани ұрпақтарымен Қазақ хандығының Сығанақтағы тағы үшін таласы көрсетіледі. Фильм тақты, Ақорданың астанасы Сығанақты қайтару сынды маңызды оқиғалардың айналасында өрбиді. Бірінші маусыммен салыстырғанда, бұл әлдеқайда қызығырақ, динамикасы жағынан жылдам. Экшн көп болады. Көрерменге ұнайды деген ойдамын", – деді фильмнің бас продюсері Арман Әсенов.
Көп сериялы фильмді ҚР мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы "Қазақфильм" киностудиясы түсірген.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақ хандығының құрылғанына 550 жыл толуына байланысты жасалған сериалдың бірінші маусымының телевизиялық тұсаукесері 2017 жылдың наурызында өткен болатын. Сондай-ақ, сол жылы қаңтар айында "Алмас қылыш" атты кинонұсқасы жалпыұлттық прокатқа шыққан еді. Ал "Қазақ хандығы. Алтын тақ" фильмі биыл наурыз айында прокатқа шығады.