Қазақ күресінің өкілдері Астанада өтетін Азия чемпионатында 20 мың АҚШ долларын сарапқа салады, деп хабарлайды abctv.kz.
Халықаралық Qazaq kuresi федерациясының бас хатшысы Азамат Тілеулесовтің сөзінше, әр салмақтың жеңімпаздарына 1 мың доллардан табыс етіледі. Күміс жүлдегерлер 500 долларды қалтаға басса, қола иеленгендер 300 долларға иелік етеді.
"Абсолюттік чемпионға 3 мың доллар, күміс иеленген балуанға 1500 доллар, қола жүлде иесіне 1 мың доллар табысталады", – дейді Азамат Тілеулесов.
Еске сала кетейік, қазақ күресінен Азия чемпионаты 26 тамызда Астанада өтеді. Чемпионатқа 11 мемлекеттен 80 спортшы қатысады. Жарыс 8 салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Сондай-ақ абсолюттік чемпион анықталады.
Сарықұрлық додасында Жапония, Шри-Ланка, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Моңғолия, Иран, Пәкістан, Қырғызстан, Үндістан және Қазақстан балуандары бақ сынайды. Чемпионатқа Қазақстан, Грузия, Өзбекстан, Литва, Украина өкілдері төрелік етеді.
Фархат Әміренов