Қазақ күресінен әлем чемпионаты аяқталды

1939

Қазақ күресінен әлем чемпионаты аяқталды

Елордада қазақ күресінен өткен әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің медиа орталығы.

Қазақ күресінен Астанада өткен әлем чемпионатының түйе палуандар сайысының финалдық белдесуінде Тәжікстан палуаны Дадахон Курбаналиев пен грузин спортшысы Гуга Кибордзалидзе алтын жүлдеге таласты.

Тартысты белдесуде Грузия палуаны жеңіске жетіп, 5 мың АҚШ долларын сыйлыққа алды.

Ал, түйе палуандар сайысында ел намысын қорғаған отандасымыз Айбат Сейтен сайыстын ширек финалында тәжікстандық палуан Дадахон Құрбаналиевтен ұтылып қалған болатын.

Естеріңізге сала кетейік, екі күннің қорытындысы бойынша Қазақстан палуандары 6 алтын, 1 қола медаль еншілеп жалпы есепте топ жарды.

Жарыстың алғашқы күні 55 келіде өнер көрсеткен Марат Нығматуллаев, 82 келі салмақта сынға түскен палуанымыз Ерсұлтан Мұзафаров және 90 келі салмақта Әділжан Ыстыбаев чемпион атанса, аса ауыр салмақта күрескен Руслан Әбдіразақов қола медаль жеңіп алды.

Әлем біріншілігінің соңғы күні тағы да ел қоржынына үш "алтын" түсті. Бұл күні  60 келі салмақта Қуаныш Ысқақов, 66 келіде Қасымхан Төленбай және 74 келі салмақта Ғалымжан Әбдірахманов чемпион атанды.

Бірінші орын жеңімпаздарына 2 мың, екінші орын алғандарға 1 мың, ал үшінші орын иегерлеріне 500 АҚШ доллары көлемінде жүлде берілді.

Әлем біріншілігіне 40 мемлекеттен екі жүзге тақау палуан келіп қатысты. Олар тоғыз салмақ дәрежесінде 40 медаль жиынтығын сарапқа салды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу