Алғаш өткен чемпионатқа РФ-ның 25 өңірінен 30-дан астам палуан қатысқан. Олардың арасында дзюдо мен самбодан әлем чемпионатының, сондай-ақ күрес бойынша Еуропа чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері, халықаралық сыныптағы шеберлер, еңбегі сіңген спорт шеберлері болды.
Боз кілемдегі жекпе-жектерге 18 жастан ересек спортшылар ғана жіберілді.
Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің хабарлауынша, Н.Бауман атындағы МГТУ спорт кешенінде өткен сайысты Ресей астанасындағы ұлттық-мәдени бірлестіктердің және Қазақ күресі халықаралық федерациясының қолдауымен, қазақ күресі федерациясы өткізді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарыстың басты міндеті – қазақ ұлттық спортын Ресейде дамыту. Бұл болашақта қазақша күрес "олимпиадалық спорт түрлері" қатарына қосылып, олимпиялық мәртебе алуы үшін керек. Себебі, оған қол жеткізу үшін спорт түрі тек бір елде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде таралып, тиісті чемпионаттар ұдайы өтіп тұруы қажет.
Сондықтан бұл сайысты жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастыру ниеті жария етілді.
Тартысты өткен жекпе-жектер қорытындысында 55 келі салмақта – Мәди Жангелдин, 60 келіге дейінгі салмақ санатында – Азимжон Акбаров, 66 келі салмақ категориясында – Мурза Урулов жеңімпаз атанды.
Ал бұдан ауыр салмақтарда, атап айтқанда 70-75 келі санатында – Иван Синюк, 82 келіде – Иван Вареница, ал 90 келіде – Александр Устинов алдына қара салмай, жеңісті қарсыластары қолынан жұлып алды.
Суперауыр салмақтар категориясында 100 келілік Баатар Хэрлэн көш бастаса, ал 100 келіден жоғары салмақта Роман Бобиков жеңісті қанжығасына байлады.
Айта кету керек, солтүстік көршіде қазақ күресі таралмағандықтан, спортшылар қатарына Ресейде білім алып жүрген қазақстандық жастар да шақырылыпты. Нәтижесінде, қазір Мәскеудегі оқу орындарында білім алып жатқан Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт түрлері бойынша Ақмола облыстық мектебінің түлектері де жеңіс тұғырына көтерілген.
Мәселен, Мәди Жангелді 55 келілік балуандардың бәрін жықты. Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз хатшысы Махаббат Большинаның хабарлауынша, Мәди енді Еуропа чемпионатында өнер көрсетуге дайындалады. Ол біріншілік Польшада өтпек.
Мұның сыртында, ақмолалық балуан Михаил Сикало 90 келі салмақта күміс жүлдені еншіледі. Сом білек жігіттерді Наиль Ковалев, Ерік Шолимов және Анас Исин жаттықтырады.