Қырғызстан полициясы қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған кезде жоғалып кеткен қазақстандыққа қатысты анықтама жариялады. 24.kg агенттігінің мәліметінше, қазақстандық ер адамды Шу облысының ішкі істер департаменті іздестіріп жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Полицияға Қазақстан азаматы хабарласып, оның 1997 жылы туған ұлы Әлібек Саматулының жоғалып кеткені туралы айтты. Ол 14 қарашаға қараған түні қазақ-қырғыз шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған", – делінген хабарламада.
Жоғалған адамның белгілері: бойы 174 сантиметр, дене бітімі орташа, шашы қысқа және бетінде мең бар. Ерекшелігі – сол аяқтағы тыртық. Жоғалып кеткен кезде оның үстінде қара спорт костюмі және жеңінде қызыл жолағы бар ақ жиекті қара күрте болған.
Бұл оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.