Бүгіннен бастап Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында орналасқан "Ақ-Жол" фитосанитарлық бақылау бекеті қайта жұмысын бастады, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қырғыз Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл шешім шекарадағы өзге өткізу бекеттеріндегі жүктемені азайтып, бақылау сапасын жақсартады әрі карантиндік объектілердің таралу қаупін төмендетеді.
– Қосымша бекеттің ашылуы – ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бақылаудың тиімділігін арттыру, экспорттық әлеуетті қолдау, жүктерді уақытылы рәсімдеу және кешігуді болдырмау үшін қажетті қадам. Бұл – жаһандану мен көлік ағынының артуы жағдайында карантиндік объектілердің кіріп кету және таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді, – делінген министрлік хабарламасында.