Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері неге қаңтарылды

2443

Бұл жайға қатысты қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті түсініктеме берді.

Қазақ-қырғыз шекарасында жүк көліктері неге қаңтарылды

Қырғызстан жағынан Қазақстанға кіре алмай, қаңтарылып қалған жүк және басқа да көліктердің саны 140-тан асып кеткен, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қырғызстанмен арадағы мемлекеттік шекарада автокөлік құралдарының жинақталып қалуы – тасымалдаушылардың қосымша тексеруден өткісі келмейтінімен байланысты", – деген мәлімдеме таратты кеден органдарына жауапты мемлекеттік кірістер комитеті.

Ведомство қазіргі кезде Қазақстанның бүкіл мемлекеттік шекарасы бойында мониторинг жүзеге асырылып жатқанын хабарлайды. Оның барысында егер кеденші қажет деп тапса, "тыйым салынған заттардың тасымалдануын анықтау мақсатында" кез келген көлікте қосымша тексеріс жүргізіледі екен.

Бірақ мемкірістер органы ондай тексерістер көп еместігін де алға тартады. Мәселен, 27 наурыздан бері қазақ-қырғыз шекарасында, соның ішінде "Қарасу" өткізу бекетінде қытайлық және түркиялық тауарларға лықа толтырылған 9 жүк көлігі қосымша тексеріліпті.

"Бұл ретте аталған барлық көлік құралдарында тауарларға ілеспе құжаттарда көрсетілген мәліметтердің шындыққа жанаспайтыны әшкереленді. Бұдан бөлек, жете тексерулердің жүргізілуіне байланысты, биылғы жылдың 27 наурызынан бері 40 жүк көлігі тауарларға ілеспе құжаттарына түзету енгізу үшін Қырғызстан аумағына өз еріктерімен кері қайтып кетті. Осы орайда Қырғызстанда өндірілген тауарларға қатысты сырттай визуалды қарау жүргізілуде және бұзушылықтар анықталған жоқ", – деп түсініктеме берді қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу