Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды

1707

ЖОО анықталған бұзушылықтарды берілген уақыт ішінде жоймаған.  

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды

Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті бас лицензиясынан айырылды. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлама таратты, деп жазады inbusiness.kz.

БҒМ-ның хабарлауынша, өткен жылы министрліктің Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетінің білім беру қызметіне тексеру жүргізіп, нәтижесінде өрескел бұзушылықтар анықтаған. Атап айтқанда, жоғары оқу орнындағы бакалавриат, магистратура, докторантура, резидентура бағдарламасы бойынша оқу үрдісі қажетті профессорлық-оқытушылық құраммен және тиісті материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етілмеген. Сонымен қатар оқу орнындағы өзге де маңызды көрсеткіштер белгіленген ең төменгі нормаларға сәйкес келмеген.

Ведомство анықталған бұзушылықтарды жоюға уақыт беріпті. Алайда, қайта тексеріс жүргізу кезінде Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті комитеттің нұсқамаларын орындамағаны және заңнаманы өрескел бұза отырып, жұмысын жалғастырғаны белгілі болған.

ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенованың түсіндіруінше, ведомство сотқа жүгінуге мәжбүр болған.

"Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университетін жабу мәселесін сот та, Білім және ғылым министрлігінің комитеті те қарады. Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысына сәйкес Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Одан бөлек, ЖОО-ға айыппұл салынып, бас лицензиядан айыру туралы шешім шығарылды", – дейді ол.

Айта кетсек, Қазақ медициналық үздіксіз білім беру университеті Алматыдағы дәрігерлердің біліктілігін жетілдіру ұйымының базасында 2015 жылы құрылған. Бүгінгі таңда аталған оқу орнында 3 мыңнан астам студент оқиды.

"Еліміз бойынша 14 жоғары оқу орны болашақ дәрігерлерді дайындайды, оның бесеуі Алматы қаласында орналасқан. ҚазМҮББУ-да оқыған студенттердің гранттары сақталады және олар басқа жоғары оқу орындарына ауыстырылады. Оқу құны өзгермейді. Сондай-ақ оқытушыларды жұмысқа орналастыру мәселесі жеке қарастырылып жатыр", – дейді Гүлзат Көбенова.

Бас лицензиядан айыру туралы сот шешімі 10 жұмыс күнінен кейін заңды күшіне енеді және жоғары оқу орны білім беру қызметін тоқтатуға міндетті болады.

 

 

 

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу