Батыс Сахарада (MINURSO) референдум өткізу кезінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына қатысушы Қазақстан Қарулы күштерінің офицері, подполковник Данияр Исмаилов Қарулы күштер қолбасшысының өкімімен штабтың оқу бөлімі бастығы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Жаңа лауазымда әскери қызметші оқыту стандарттарына, олардың тапсырмаларды тиімді орындауы үшін барлық әскери қадағалаушылардың дайындығы мен әзірлігіне жауап береді. Оның міндетіне штабтағы барлық әскери оқу іс-шарасын үйлестіру, маман дайындауды ұйымдастыру, негізгі, сондай-ақ қажетті кешенді жаттығулардың басымдығын бағалау және анықтау кіреді.
Одан басқа қазақ офицері БҰҰ-ның миссиясына қатысу үшін келген әскери және азаматтық персоналдан ағылшын тілінен емтихан қабылдайды және жетекшілік етеді. Өткізілетін оқу іс-шараларының мониторингі мен бағалауды жүргізеді. Подполковник Данияр Исмаилов БҰҰ-ның миссиясында 2016 жылдың 11 қарашасынан бастап жүр.
Бұдан бұрын ол жаңадан келген әскери қадағалаушыларды оқыту және дайындаумен, тренинг ұйымдастырумен айналысқан. Жаңа лауазымға миссияда өзінің қызметтік міндеттерін үлгілі және кәсіби тұрғыда орындағаны, Ирактағы бітімгершілік миссияға қатысудағы тәжірибесі мен кәсібилігі үшін тағайындалды.
Қазір Батыс Сахарадағы (MINURSO) БҰҰ миссиясында әскери қадағалаушы ретінде Қазақстан Қарулы күштерінің төрт офицері қатысып жатқанын айта кеткен жөн. Миссия қолбасшылығының айтуынша, олардың барлығы, БҰҰ миссиясына қатысуды аяқтағандар өз ісінің шебері және үлгілі әскери қызметші ретінде көрсетті.