Қазақстан Өзбекстанмен Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар өткізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Ынтымақтастықтың тағы бір жаңа бағыты – өзбек тарапымен бірлесіп, Арал бассейніндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша бірлескен іс-шаралар өткізу. Бұл Арал теңізінің экологиялық апатының салдарын жеңілдету және құрғаған теңіз табанынан ұшқан тұзды шаңды сексеуіл егу арқылы тоқтату бойынша қазақ-өзбек тараптарының әрекеттерін үйлестіруге ықпал етеді. Арал теңізінің құрғаған табанының жалпы алаңы шамамен 6 млн га құрайды, оның ішінде Қазақстанға қарасты құрғаған табаны 2,8 млн га құрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында жалпы көлемі 1,1 млн гектарды құрайтын алаңда сексеуіл көшеттерін отырғызу жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырма берді", - деді Экология және табиғи ресурстар министрі.
Тағы бір бағыт – қоныс аударушы жануарларды қорғау жөніндегі іс-шараларды үйлестіру.
"Бұл іс-шаралар Қазақстан-Өзбекстан шекарасымен шектес аумақтағы киік, қарақұйрық, арқар және басқа да жануарлардың қоныс аударуы мәселелері бойынша жедел өзара әрекеттесуге септігін тигізеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы киіктерді қорғау, өсімін молайту және санын орнықты дамыту жөніндегі келісім аясында екі мемлекеттің де аумағында Үстірт киіктерінің популяциясының санын көбейту жұмыстары жүргізіліп жатыр", - деді Ерлан Нысанбаев.