Қазақ пен өзбек депутаттарына Farabi Hub инновациялық жобасы көрсетілді

211

Екі елдің Мәжіліс делегациясы Алматы қаласындағы Farabi Hub инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығын аралады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қазақ пен өзбек депутаттарына Farabi Hub инновациялық жобасы көрсетілді Фото: ҚР Парламент Мәжілісі

Ерлан Қошанов пен Нуриддин Исмоилов бастаған депутаттар алдымен орталықтың ғылыми жобаларын, сондай-ақ "Astana Hub" базасында жүзеге асырылып жатқан жасанды интеллект стартаптарын көрді.

Қос елдің депутаттары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёевтің ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект саласын дамыту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруда күш біріктіру мәселесіне ерекше назар аударды.

Осыған байланысты Парламент делегациялары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жанындағы "Farabi Hub" базасында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты. Депутаттарға "Farabi Robotics" өндірістік робототехника құзыреттер орталығының жобалары таныстырылды.

Солардың бірі – жерасты шахталарын тексеруге арналған робот-ит. Ғылыми жобалардан бөлек, орталық өндірістік кәсіпорындарға арналған роботтарды құрастыру, баптау және жаңғырту бойынша кадрлар дайындайды. Сондай-ақ мұнда өндірісте кеңінен қолдану үшін жаңа материалдарды 3D форматта басып шығару жұмыстары жүргізілуде.

"Astana Hub" бас директоры Мағжан Мәдиев стартаптарды қолдау орталығының экожүйесін таныстырып, Халықаралық жасанды интеллект орталығын құру жоспарымен бөлісті. Бұл жобаның мақсаты – жасанды интеллектіні зерттеу мен түрлі салаларда қолдануды қамтамасыз ететін тұтас инфрақұрылым құру.

Депутаттар сондай-ақ Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейіне барды. Қонақтарға Орал Таңсықбаевтың шығармашылығына арналған көрме таныстырылды. Суретші мұрасы 100 жылдан астам уақыт бойы қазақ пен өзбек халқын байланыстырып келеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу