Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар – Қасым-Жомарт Тоқаев

133

Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. 

Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Түркия Президентімен кездесудің қорытындысы бойынша баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ең алдымен, Мәртебелі Режеп Тайип Ердоғанға шақыруын қабыл алып, елімізге мемлекеттік сапармен келгені үшін шынайы ризашылығын білдірді.

– Атажұртқа тағы да қош келдіңіздер деймін! Сіздің Қазақстанға ат басын бұрып, мемлекеттік сапармен келуіңіз – біз үшін зор мәртебе. Қазақ пен түрік – тамыры бір туысқан халықтар. Сондықтан бұл сапардың мәні де, мазмұны да айрықша. Түркия – Қазақстанның маңызды стратегиялық серіктесі. Екі елді ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық байланыстар, ортақ мәдениет пен рухани құндылықтар біріктіреді. Біз – бір-бірімізге шынайы тілеулес елдерміз. Мақсатымыз – бір, бағыт-бағдарымыз – айқын. Ең басты міндет – халықтарымыздың ынтымағын күшейтіп, табысын арттыру. Бүгінде Түркия – әлемде саяси ықпалы зор, экономикасы қуатты, халықаралық абырой-беделі жоғары мемлекет. Бұл Президент Режеп Тайип Ердоғанның арқасы екеніне бүкіл әлем куә, бұған ешкімнің күмәні жоқ. Тағы да атап өту қажет: Түркияның биік белестерге шығып, зор табысқа жетуі оның жоғары басшысының көреген көшбасшылығы мен қажырлы еңбегінің нәтижесі. Сондай-ақ мұның түп-тамырында түрік халқының даналығы, еңбекқорлығы, батылдығы мен бірлігі жатыр деп санаймын, – деді Қазақстан Президенті. 

Мемлекет басшысы соңғы жылдары екі мемлекет арасындағы сан қырлы ықпалдастық жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына тоқталды.

– Мемлекетаралық, парламентаралық және үкіметаралық байланыстарымыз нығая түсті. Біз бүгін Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткіздік. Нәтижелі кеңес болды. Өзара серіктестікке серпін беретін басым бағыттарды айқындадық. Саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды одан әрі нығайтуға уағдаластық. Осы мақсатты жүзеге асыруға құқықтық негіз болатын маңызды үкіметаралық құжаттарға қол қойдық. Ең бастысы, қазақ-түрік қатынасын жаңа деңгейге көтеретін "Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы" декларацияны қабылдадық. Бұл тарихи құжат, шын мәнінде, халықтарымыздың бірлігі мен болашаққа деген ұмтылысының бірегей нышаны екені анық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу