Авиациялық техниканың жаңа үлгілерін, олардың мүмкіндіктерін Жауынгерлік дайындық және ҰҰА жауынгерлік қолдану оқу орталығы ұшқышсыз ұшу аппараттарының экипаждары зерделеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Сәтті өткен сынақтар мен комиссия қорытындысынан кейін Anka-S ұшқышсыз жүйелері тәжірибелі әскери сынақтарға қабылданды. Қазіргі уақытта жаңа техника жеке құрамға бекітілді. Қазақстандық әскери қызметшілердің басқаруымен дрондарды алғашқы рет іске қосу жүзеге асырылуда.
Тәжірибелік әскери пайдалану – әскери мақсаттағы бұйымдарды сынаудағы міндетті элемент. Мұндай пайдалану мақсаттарын нақтылау техниканың мүмкіндіктерін жан-жақты тексеру көлемін кеңейтеді. Оның сенімділігін бағалауды арттырады және әскерлерде жаңа үлгілерді игеруді жеделдетеді.
– Экипаж құрамына жаңа техника және ұшу аппараттарымен жұмыс тәжірибесі мол білікті мамандар бекітілді. Жаңа ұшқышсыз жүйелермен жұмыс біздің әскери қызметшілеріміздің құзыретін кеңейтеді. Берілген тактикалық-техникалық талаптарға сәйкес болған жағдайда Anka-S ұшқышсыз ұшу кешені Әуе қорғанысы күштерінің авиациялық паркін толықтыратын болады", – деп атап өтті ҰҰА жауынгерлік дайындық және жауынгерлік қолдану оқу орталығының бастығы полковник Шоқан Мұсабеков.
Түрік дронының қанаты 18 метрге жетеді. Жүктемеге байланысты ұшу жылдамдығы сағатына 120-дан 270 шақырымға дейін. Ол 10 км биіктікке көтеріліп, аспанда 27 сағатқа дейін үзіліссіз жұмыс істей алады.
Қазақстандық әскери қызметшілердің басқаруымен Anka-S-тің алғашқы ұшулары өндіруші компания – Turkish Aerospace Industries мамандарының қатысуымен өткізіледі. Әскери қызметшілер жаңа типтегі дронды басқарудағы айырмашылықты байқады.
- Бұрын қолданылған жүйелермен салыстыра отырып, мен бұл ерекше техника деп айтамын. Біз білетін жүйелерден айырмашылығы, Anka-S ұшқышсыз ұшағы басқаша әрекет етеді. Түрік мамандарының техникалық қолдауымен біз бұл кешенді тез игереміз деп ойлаймын, – дейді буын командирі майор Николай Кириллов.
Түркияда Anka-S-пен жұмыс істеуге дайындалған оқу орталығының офицерлері және қазір жаңа техниканы меңгергендер әріптестеріне тәлімгер болады. Өндіруші компаниядан мамандардың кепілдік тобы Қазақстанда екі жыл уақытқа қалады. Сондықтан туындайтын барлық мәселелер сол жерде шешілетін болады.