Астана халықаралық әуежайында Америка Құрама Штаттарынан ұшып келген 54835-А әскери бөлімінің батальон сержанты 3-сыныпты сержант Аслан Дархан мен 18404 әскери бөлімі парашюттық-десанттық ротасының сержанты 2-сыныпты гвардия сержанты Рауаны Тоқтарбековті салтанатты жағдайда қарсы алды, деп жазады inbusiness.kz сайты Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
Навахо әскери базасында өткен жарысқа АҚШ-тың 7 штатынан, сондай-ақ Фиджи, Гуама, Тонги және Филиппин мемлекеттерінен келген әскери қызметшілер қатысты.
Конкурс армиялық жауынгерлік фитнес сынағынан, жауынгерлік даярлықты оқыту пәндері бойынша нормативтер тапсырудан, топ құрамындағы тактикалық дайындықтан, топографиядан, жергілікті жерді патрульдеуден, тактикалық медицинадан, М-240В пулеметінен, М-4 автоматынан, М-17 тапаншасынан атудан және 12 кг жүкпен толық жабдықта 28 шақырымға марш жасаудан тұрды.
– Жоғары бәсекелестікке, АҚШ армиясының қару-жарақ үлгілері мен құрылғыларында жаттығулардың орындалуына қарамастан, біздің әскери қызметшілер жауынгерлік қасиеттерін көрсетіп, жарыстың үш түрінде үздік атанды, – деп атап өтті ҚР Қарулы күштері Бас штабының сержанттық құрамымен жұмыс басқармасының аға нұсқаушы-сержанты штаб-сержант Беглан Бейсалиев.
Біз 3-сыныпты сержант Дархан Асланның 800 метр қашықтықты 2 минут 5 секундта жүгіріп өтіп, байқау тарихында рекорд орнатқанын хабарлаған болатынбыз.
Бұдан бөлек біздің жігіттер 12 килограмдық жүкпен 28 шақырымға 3 сағат 39 минуттық марш жасап, үздік нәтиже көрсетті. Жауынгерлер керемет төзімділік танытып, Қазақстан туымен мәреге жетті.
Жауынгерлік дайындық және АҚШ Қарулы күштерінің әртүрлі қару үлгілерінен ату нормативтерін орындау кезінде 2-сыныпты сержант Рауан Тоқтарбеков те жақсы нәтижеге қол жеткізіп, "Үздік атқыш" сертификатымен марапатталды.