Қазақ спортының дамуына үлес қосқан спортшылар марапатталды

7315

Ұлттық Олимпиада комитетіне биыл 30 жыл.

Қазақ спортының дамуына үлес қосқан спортшылар марапатталды Фото: ҚР ҰОК

Мерейтой Алматыда бүгін кеңінен аталып өтіп,  қазақ спортының дамуына үлес қосқан спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар марапатталды. Айта кету керек, еліміздің Ұлттық Олимпиадалық комитеті 1990 жылы 3 ақпанда құрылып, оны 1993 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті ресми мойындаған.

1993 жыл қазақ спорты үшін елеулі оқиға болды. Себебі, дәл осы уақыттан бастап атлеттер ресми түрде тәуелсіз Қазақстан атынан сынға түскен болатын. Биыл осы айтулы датаға 30 жыл. Осы уақыт аралығында біздің ел 7 жазғы, 8 қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Барлығы еліміздің спортшылары  79 медаль жеңіп алған. Оның 15-і алтын. Одан өзге, әлем және Азия біріншіліктері бар. Әрине, кез-келген додада спортшының жеңіс тұғырына көтерілуіне жаттықтырушыдан бастап бірнеше маман қол ұшын береді.

"Біздің даңқты спортшыларымыз ҰОК басшыларының шешімімен бүкіл облыстарға барып, марапат жасадық. Олардың еңбегін бағалап, жетістіктеріне рахмет айтып, барып қайттық. Бүгін Алматыда үлкен спорттық мереке жүріп жатыр", - дейді ҰОК Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.

Мерекеге майталман спортшылармен қатар, олардың жаттықтырушылары тіпті, спорт комментаторлары да бас қосты. Салтанатты рәсім барысында спорт ардагерлеріне, еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға медальдарды   ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев табыс етті. Сонымен қатар, атақты боксшы Олимпиада чемпионы, әлем чемпионаттарының жүлдегері Ермахан Ибраимов, шаңғышы Владимир Смирнов, Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров ҰОК арнайы орденмен марапатталды.

"ҰОК спортшының өміріндегі үлкен Олимпиада, Азия ойындарына, Әлем чемпионаттарына дайындау барысында қолдау. Қаржылық жағынан, моральдық жағынан спортшыларды қолдайды. Бір сөзбен айтқан кезде қаржылай көмек ретінде", - деді Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбраймов.  

Шынында, кез келген атлет үшін мемлекеттік қолдау аса маңызды. Соңғы уақытта спортшыларға барлық жағдай жасалып жатқаны жасырын емес. Оны бүгінгі жиынға келгендер де жоққа шығармады.

"Қазіргі Олимпиада даярлау спортсмендерге жағдай жасалып жатыр. Қаншама база салып жатыр. Кеше мен облыста болдым, облыс емес ауданның ауылдарында ЦОК салып жатыр. Яғни, жағдай жасалып жатыр", - дейді бокстан Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов.

30 жыл спорт үшін аз уақыт емес. Деседе, өткеннен сабақ алып, алдағы байрақты бәсекелерде абыроймен ел намысын қорғау Олимпиада комитетінің басты мақсаты. Өйткені, 4 жылдықтың басты аламанына 1 жылдан аз ғана уақыт қалды. Қазақтың әнұраны Париж төрінде бірнеше рет шырқалады деп сенеді әрбір жанкүйер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу