"Су саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігі мәселесін шешу мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі М.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін базалық бейінді жоғары оқу орны ретінде айқындады. Су ресурстарын басқарудағы ғылымның рөлін арттыру мәселесін шешу үшін Су кеңесінің отырысында Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты су саласының бас ғылыми-техникалық орталығы болып белгіленді", - деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Оның атап өтуінше, институтта су саласы бойынша барлық ғылыми-зерттеу және талдау жұмыстарын жүргізуге басым құқық бекітіледі деп жоспарланған.
"Аталған институттың жанынан еліміздің су ресурстарының саны мен сапасы туралы объективті және шынайы ақпаратты қалыптастыру үшін Ақпараттық-талдау орталығы құрылады. Бұдан басқа, ол ғылыми негізделген басқару шешімдерін қабылдау және мемлекетаралық келіссөздер жүргізу кезінде ұсынымдар әзірлеу үшін қажетті жедел, орта мерзімді және ұзақ мерзімді болжамдарды жасаумен айналысады", - деді Серікқали Брекешев.