Білім министрі қазақ тілін латын әліпбиіне ауыстыру жөніндегі жұмыс тобын құрды. Бұл туралы Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірәсілов мәлім етті, деп хабарлайды strategy2050.kz.
"Бұл мәселе 2012 жылдан бастап белсенді түрде талқыланып келді, сол кезде арнайы жұмыс тобы құрылып, оған біздің гуманитарлық институттарымыз, соның ішінде тіл білімі институты, философия институты және басқалары кірген еді. Өзбекстан, Әзербайжан сияқты өзге де бірқатар елдің латын әліпбиіне көшу тәжірибесі зерттеліп, тәсілдері әзірленді", – дейді Болат Әбдірәсілов.
Ол қазірдің өзінде жұмыс тобы құрылып, оның құрамына ғалымдармен қатар басқа елдердің мамандары да тартылатынын айтты.
"Мемлекет басшысының жаңа жұмысында нақты мерзімдер айқындалды және соған байланысты жұмыс басталып кетті. Қазір жұмыс тобы құрылып жатыр, оның құрамына тіл білімі саласындағы ғалымдарды, мамандарды тартамыз және басқа елдерде осы мәселемен айналысқан адамдарды да шақырғалы отырмыз. Мемлекет үшін – бұл маңызды міндет, ғалымдар тобы тағы да бірқатар жекелеген аспект қарастырылатын стратегия бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ топ жұмысына білім министрлігі қызметкерлері де қатысады", – деп хабарлайды Болат Әбдірәсілов.
Еске сала кетейік, 2017 жылдың 12 сәуірінде президент Нұрсұлтан Назарбаев үкіметке жыл соңына дейін латын графикасының негізінде қазақ әліпбиінің стандартын әзірлеп, оған толық көшудің соңғы мерзімін 2025 жылға дейін белгілеуді тапсырған болатын.