Қазақ тілін латын қарпімен үйрететін алғашқы мобильдік қосымша жасалды

1577

Қазақ тілін латын қарпімен үйрететін  алғашқы мобильдік қосымша жасалды

Павлодардағы "Ана тілі" орталығы қазақ тілін үйрететін латын әліпбиіндегі мобильдік қосымша шығарды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Аталмыш қосымша авторы орталық директоры Шолпан Кинжикова. Жобаны әзірлеуге автордың жеке қаражаты жұмсалғаны себепті, қосымшаны жүктеу ақылы. Бағасы - екі мың теңге. Алайда, барлық жаңартулар мен техникалық қолдау тегін.

"Командамызбен бірге қосымшаны әзірлеуге бір жыл уақыт кетті, - дейді Шолпан Кинжикова. – Бұл менің жеке меншігім болып тіркелді. Қаржы жағынан ұлым көмектесті. Қаңтардың 15-іне қарай қосымшаға "Кері байланыс" функциясын енгіземіз. Айына бір-екі рет тапсырмаларды қосып отырамыз.

Шолпан Кинжикованың айтуынша, қосымшаны шығармақ бұрын нарықтық зерттеулер жүргізілген. – Нарықта қандай жаңалықтар бар, біздің қосымшамыз солардан артық болсын деп іздендік, - дейді Шолпан Кинжикова.- Мысалы, жобада қамтылған "Флеш-тренинг", "Аудио-stories" секілді функциялар ешбір тілдік қосымшаларда жоқ. Бастысы – латын қарпімен орындалған қазақ тіліндегі алғашқы мобильдік қосымша. Сол себепті, орталық қызметкерлерімен бірге осындай тың дүние жасай алғанымызға қуанамыз".

Қосымшаны Android және iOS операциялық жүйелерінде еркін жүктеп алуға болады. Бір апта ішінде қосымшаның демо-нұсқасын 158 адам жүктеп үлгерген.

"Ана тілі" орталығының директоры жоба Америкада техникалық тексерістен өтіп жатқанын айтады. Осы аптада "Қазпошта" АҚ-мен эквайринг ақы қабылдау жүйесін енгізу мәселесі шешілмек.

"Біздің мақсат – латын әліпбиін балалардан бастап, ересектерге үйрету. Адамдар латын қарпімен жазып, үйрене берсін. Егер латын әліпбиіне өзгеріс енгізілсе, қосымша да өзгере түседі. Бұл тегін болады әрі ешқандай қиындық туғызбайды", - деп сендірді Шолпан Кинжикова.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу