"Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Қанат Шарлапаев Adal Adam youtube арнасына алғаш рет қазақ тілінде сұхбат берді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бағдарлама жүргізушісі бірнеше жыл бұрын, Шарлапаев министр болып тұрған кезде оның қазақ тілінде әлдеқайда нашар сөйлегенін еске салды. Қазір ұлттық палата басшысы қазақша еркінірек сөйлейді.
– Мұндай сұхбат беру – мен үшін де үлкен сынақ. Қазақ тілінде алғаш рет сұхбат беріп отырмын. Әлі де көп жұмыс істеу керек, тілді әрі қарай жетілдіру қажет. Қазір кәсіпкерлердің де, мемлекеттік қызметкерлердің де басым бөлігі – қазақ тілінде сөйлейтін адамдар. Өз ойыңды жеткізу үшін, әрине, қазақша сөйлей білу керек. Шынын айтсам, тілді үйрену үшін екі нәрсе қажет: ынта мен уақыт. Бір кезде журналистер мені сынап, қазақ тілін білмейді деп айтқан еді. Соған ұялдым да, тіл үйрене бастадым. Үйрететін адам керек, уақыт керек. Содан кейін қазақша сөйлесуге тырысу қажет, – деді ол.
2023 жылы Қанат Шарлапаев министр болып тұрған кезде журналистерге қазақ тілін 18 айдың ішінде үйренуге уәде берген. Тілді білмеуін өзінің қандас екенімен түсіндірген.
Айта кетейік, Қанат Шарлапаев 1981 жылы Ресейдің Саратов облысында туған. 2006-2022 жылдары Еуропадағы ірі "Сити" инвестициялық банкінде жұмыс істеп, вице-президент қызметіне дейін көтерілген. 2022 жылы Қазақстанға келіп, азаматтық алады. Кейін "Бәйтерек" холдингінің басшысы, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі, Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі қызметтерін атқарды.
Ал, 2026 жылдан бастап "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы қызметін атқарады.