Құны 242 млн теңгеге әзірленген Steppe Rider оқу ойынына қатысты тергеу басталды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Министрдің айтуынша, ведомоство өзі құқық қорғау органдарына сұрау жолдап, бастамашылық жасаған. Қазір Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Астана бойынша экономикалық тергеу департаменті тексеріс жүргізіп жатыр.
Steppe Rider 2025 жылы мемлекеттік тапсырыс бойынша жасалған. Техникалық тапсырмада RPG жанрындағы, сюжет пен квесттері бар, кемінде 12 сағаттық оқу процесін қамтитын ойын әзірлеу көзделген еді. Алайда ресми сипаттамада ол викторина мен тест элементтері бар раннер ретінде көрсетілген.
Жоба Steam, Google Play және App Store платформаларында қолжетімді.
Ойын шыққаннан кейін пайдаланушылар мен ойын индустриясының өкілдері оны қарапайым мазмұны, техникалық ақаулары және бастапқы талаптарға сәйкес келмеуі үшін сынға алды.
Министрлік жобаның қымбаттығын үш платформаға бірден әзірлеумен және кейінгі сүйемелдеумен түсіндірген болатын. Ведомство ойынды 2026 жылы жетілдіруді жалғастыратынын айтқан еді.
Тексеріс нәтижесі бойынша іс сотқа жіберіледі немесе әкімшілік шара қолданылады. Министрлік ішкі тексеруді де жалғастырып жатыр.