Қазақ тілін білу мен оны қолдану заң жүзінде міндеттелуі мүмкін

Мұны Парламентаризм институты ұйымдастырған дөңгелек үстел барысында Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай айтып отыр.  

Қазақ тілін білу мен оны қолдану заң жүзінде міндеттелуі мүмкін Фото: 24.kz

Ол әлі күнге дейін контентті орыс тілінде жасап, кейін қазақша нұсқасын аудару белең алғанына наразы, деп хабарлайды inbusтiness.kz сайты. 

Сол үшін халық қалаулысы "заң жүзінде мемлекеттік тілді білу және қолдану міндетін енгізу қажет" деп есептейді. Қазіргі уақытта бірқатар ел бұл мәселені нақтылап, заң жүзінде шешіп алған. 

– Кеңес одағы ыдырағаннан кейін көптеген ел өзінің "Тіл туралы" заңдарын жаңартты. Мысалы, Әзербайжан Республикасының мемлекеттік тіл туралы заңының 1-бабында: "Әрбір азамат әзербайжан тілін білуге міндетті" деп нақты жазылған. Францияда №94-665 заңына сәйкес, француз тілін меңгеру белгілі бір сала қызметкерлері үшін міндетті саналады. Ал Қазақстанның "Тіл туралы" заңында мемлекеттік тілді меңгеру – "әрбір азаматтың парызы" деп көрсетілгенімен, "білу" немесе "қолдану" міндет ретінде бекітілмеген. Сондықтан, мемлекеттік тіл саясатын либералды қағидаттан инструменталды тетікке ауыстыру қажет, яғни заң жүзінде мемлекеттік тілді білу және қолдану міндетін енгізу ұсынылады, – деді Бибігүл Жексенбай.

Сенатор бұл бастама Тіл саясаты тұжырымдамасындағы міндеттермен үйлесетінін жеткізді. Әрі қазақ тілінің аясын кеңейту қағаз жүзінде ғана емес, цифрландырумен бірге қарқын алуы шарт. 

– Қазіргі заманның даму кезеңі цифрландырумен тікелей байланысты. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту енді тек қағаз жүзінде емес, цифрлық кеңістікте жүзеге асуы керек. "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасы аясында egov.kz, "Ашық НҚА", "Ашық үкімет" платформалары жұмыс істейді. Десе де, олардың контенті әлі күнге дейін көбіне орыс тілінде жасалып, қазақша нұсқасы кейіннен аударылады. Мемлекеттік органдар үшін негізгі талап – құжаттарды, сайттарды және цифрлық қызметтерді ең алдымен қазақ тілінде әзірлеу, – деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу