Атауын "Білім-инновация" деп өзгерткен бұрынғы қазақ-түрік лицейінде білім алғысы келетіндер үшін оқуға қабылдау шарты өзгерді, деп хабарлайды islam.kz.
Жақын уақытта білім ордасында емтихан басталады. Белгілі болғандай, ашылғанына тұп-тура ширек ғасыр өткен лицейлерде осы уақытқа дейін 23 мыңдай оқушы білім алған екен. Тура осы шамалас оқушы білім ордасына оқуға түсуге талпынып, оның 1863-і ғана екі кезеңнен тұратын іріктеуден өте алған.
Осыдан лицей қабырғасында білім алу үшін қойылатын талаптың қаншалықты екенін байқауға болады. Яғни бір орынға 14 бала таласқан.
Айта кетейік, лицейге түсу үшін төрт пәннен – математика, логика, қазақ тілі және Қазақстан тарихынан емтихан тапсырады. Барлық пәнді екі рет тапсырады: екінші кезеңіне біріншісінен жоғары балл алғандар ғана өтеді. Бірінші кезеңінде 60 сұраққа жауап беруге 100 минут уақыт беріледі, ал екіншісінде – 75 сұраққа 120 минут қарастырылған.
30 сәуір күні лицейге түсу үшін емтихан басталады. 21 мамыр күні екінші кезеңі өтеді. Қор өкілінің айтуынша, жаратылыстану, математика және информатикадан сабақтар ағылшын тілінде жүргізіледі.
Айта кетейік, оқулықтардың көбісі лицейдің өзінде шығарылады. Авторлардың өзі дәріс береді. Шәкірттердің оқу үлгерімін жақсарту мақсатында қосымша сабақтар қарастырылған.
Тағы бір мақтанышы – білім ордасының оқушылары республикалық, облыстық және қалалық пән олимпиадаларында алдыңғы орынды бермей келеді. 25 жыл ішінде ғылыми жобалардан өткен түрлі байқау мен жарыстан ұзын саны 17720 медаль иеленген.
Тек 2016-2017 оқу жылының өзінде лицей оқушылары облыстық деңгейдегі олимпиадалардан 855 рет жүлделі орыннан көрінген, ал республикада 246 медальді қанжығасына байлаған.