Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толды

209

Шымкентте қазақ вальсінің королі, халықтың жүрегінен мәңгі орын алған сазгер Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығына орай мерейтойлық шаралар жалғасуда.  

Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 95 жыл толды Фото: martebe.kz

Ән падишасының мерейтойына жиналғандар алдымен композитордың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті.

Жыл басынан бері қалада мерейтой аясында түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шымкент қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және мұрағат басқармасы басшысының орынбасары Мөлдір Оңдасынова:

"Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өту – біздің басты мақсатымыз. Бұл іс-шаралардың түпкі мақсаты – Шәмші атамыздың мол рухани мұрасын бүгінгі және келер ұрпаққа жеткізу", – деді.

"Бақыт құшағында" республикалық ән фестивалі Шәмші Қалдаяқов атындағы аллеяда өтті. Алдымен көрермендер композитордың халық жүрегінен орын алған әндерінің тарихына арналған сахналық қойылымды тамашалады. Кеш барысында ел есінде сақталған әуезді әндер қайта шырқалып, тыңдарманға ерекше әсер сыйлады.

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева:

"Шәмшінің әндерінің ең басты ерекшелігі – оның қарапайымдылығы. Оны кез келген адам айта алады. Екінші артықшылығы – мықтылығы. Шәмші әндеріне қазақтың ең таңдаулы ақындары мен қаламгерлері өлең жазды. Қазақтың аспаны Шәмшінің ғажайып әуендерімен әлі де тербеле берсін", – деді.

Ән мерекесін тамашалауға жиналған көпшілік сахнадан орындалған лирикалық, рухани және патриоттық әндерді сүйікті әртістерімен бірге қосыла шырқады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу