Талғат Алмановтың қызметі АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Буффало қаласында орналасқан ABC 7 телеарнасында жалғасады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақ журналисінің негізгі міндеті – редакция жұмысын ұйымдастыру, әзірленетін материалдардың сапасын бақылау және жаңалықтардың көрерменге дер кезінде ұсынылуын қамтамасыз ету.
Десе де, жаңа лауазым шығармашылық жұмыстан қол үзеді дегенді білдірмейді. Талғат Алманов телевизиялық репортаждар дайындап, журналистік зерттеулер жүргізуді жалғастырмақ.
Жаза кетейік, ABC 7 немесе WKBW-TV – АҚШ-тың ұлттық ABC тележелісіне кіретін Буффалодағы жергілікті телеарна. Ол Нью-Йорк штатының батысындағы, соның ішінде Буффало, Эри округі және Ниагара-Фолс өңіріндегі жаңалықтарды таратады.
Талғат Алмановтың америкалық медиадағы еңбек жолы бірнеше жыл бұрын басталған. Ол Нью-Йорк университетінде журналистика мамандығын меңгерген. Кейін Джорджия штатындағы Atlanta News First телеарнасында журналист әрі продюсер болып қызмет атқарды.
Сондай-ақ, бұған дейін мемлекеттік телеарналардың бірінің АҚШ-тағы меншікті тілшісі болған.