Кездесулер барысында бірлескен фильм түсіру, қазақстандық картиналарды шетелде көрсету және халықаралық кинофестивальдерге қатыстыру мәселелері талқыланды.
Пусан халықаралық кинофестивалі аясында жыл сайын ұйымдастырылатын ACFM кинонарығына "Қазақфильм" атынан Мадина Нүсіпбекова мен Әсем Рамазанова қатысты. Олар Оңтүстік Корея, Моңғолия, Үндістан, Швеция, АҚШ, Ресей және Қырғызстанның киноиндустрия өкілдерімен кездесті.
Келіссөздер нәтижесінде Үндістанның Ramoji Film City киностудиясы қазақстандық әріптестермен комедиялық фильм түсіруге қызығушылық танытты. Ал Tribeca және Мәскеу халықаралық кинофестивальдерінің өкілдері жаңа қазақстандық туындыларды өз бағдарламаларына қосу мүмкіндігін қарастыру үшін фильмдердің материалдарын сұратты.
Сондай-ақ Bök Content, Sunrise Media Group компаниялары мен Asiatiska Film Festival ұйымдастырушылары қазақстандық фильмдерді көрсету құқығын сатып алу мүмкіндігін зерттеп жатыр.
Бұдан бөлек, шетелдік серіктестер Қазақстанда кино түсіру және "Қазақфильм" киностудиясының түсірілімге арналған техникалық жабдықтарын пайдалану жөніндегі ұсыныстарға қызығушылық білдірді.
ACFM халықаралық кинонарығына қатысу қазақстандық киноны шетелдік аудиторияға танытуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және отандық фильмдердің халықаралық фестивальдерге жол ашуына мүмкіндік береді.