2023 жылдың 10-12 мамыр аралығында Астана қаласындағы EXPO халықаралық көрме орталығында Қазақстанның басты индустриялық оқиғасы – Kazakhstan Industry Week өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі өтеді, деп хабарлайды Inbusiness.kz.
"Қазақстандық және шетелдік компаниялар машина жасау, металл өңдеу, ауыл шаруашылығы, коммерциялық және арнайы техника, химия өнеркәсібі, су индустриясы, тау-кен металлургиясы, құрылыс индустриясы, инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және т. б. өңдеу өнеркәсібінің жаңа жабдықтары мен технологияларын ұсынады", - делінген ҚР ИИДМ баспасөз хабарламасында.
Алдын ала есептеулерге сәйкес аталған іс-шараға 3 мыңнан астам адам, оның ішінде өнеркәсіп кәсіпорындарының басшылары, өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін тұтынушылары, инженерлер мен технологтар, шағын және орта бизнес, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен салалық қауымдастықтардың өкілдері қатыспақ.
Сонымен қатар көрме экспозициясы түрлі мазмұнды іс-шараларды қамтитын іскерлік бағдарламадан тұрады. Үш күнге жалғасатын Kazakhstan Industry Week алаңында:
- Субконтрактілер биржасы
- Металл өңдеудегі инновациялық технологиялар жөніндегі халықаралық конференция
- "Қазақстанның химия өнеркәсібі. Даму болашағы" конференциясы
- Қалалардың тұрғын үй-коммуналдық секторы мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және дамыту мәселелері жөніндегі конференциясы
- Елді мекендерді сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытудың мәселелері мен перспективалары жөніндегі республикалық кеңесі
- "Өнеркәсіпті цифрлы трансформациялау" сессиясы өткізіледі.
Ал іскерлік бағдарламаның басты оқиғасы - машина жасау саласының өзекті мәселелерін жүйелі шешудің басты диалог алаңына айналған Қазақстан машина жасаушыларының XI Форумы өткізіледі.
Kazakhstan Industry Week көрмесіне тек бейдж/QR-кодты көрсету арқылы ғана өтуге мүмкін болады. Оны онлайн-тіркелу кезінде KIW_MIID промокодын енгізу арқылы тегін алу жолдары қарастырылған.