Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Мәжілісте өткен Үкімет сағатында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
- Франция агенттігі біздің ғылыми-техникалық университеттермен бірге Балқаш көлін сақтау жөніндегі шеберлік жоспарын әзірлеп жатыр. Оның сыртында "Қазақмыс" корпорациясы осы жоспарды іске асыруға 5 млн доллар бөлді, - деді ведомство басшысы Н.Нұржігітов.
Оның сөзінше, шеберлік жоспары Балқашты сақтап қалу үшін қандай нақты жобаларды іске асырып, қандай шешімдер қабылдау керектігін айқындап беретін құжат болмақ. Ал, министрлік оны 2040 жылға дейін іске асыруға тиіс.
"Шеберлік жоспарын әзірлеу жұмыстары ғылыми зерттеулерден басталмақ. Оның ішінде Балқашқа келетін трансшекаралық өзендер мен ел ішіндегі салаларынан құятын судың көлемі қалай өзгеріп жатқаны, көл бассейніндегі экологиялық ахуал, оған жердің астынан қосылатын судың динамикасы, айдын аумағындағы энергетикалық жобалардың табиғатқа тигізер әсері түгел зерделенуі керек", - делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік осы шеберлік жоспарды іске асырудың жол картасын әзірлепті. Ол құжатта Іле- Балқаш көлінің деңгейін бақылауға арналған цифрлық платформа құру, су нысандарын автоматтандыру және цифрландыру, басым гидротехникалық құрылыстарды дамыту шаралары қарастырылған.
Балқаштың тағдыры Іле трансшекаралық өзені арқылы Қазақстан аумағына кіретін судың көлеміне тікелей байланысты. Сондықтан Іле-Балқаш бассейнін Қытай Халық Республикасымен бірлесіп су қорғау және өзенді орнықты пайдалану мәселелерін қамтитын іс-шараларды іске асыру көзделіп отыр.
Қазір Францияның Геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросы (BRGM) шеберлік жоспарды әзірлеу аясында қазақстандық мамандармен бірге қажетті мәліметтерді жинастырып жатыр. BRGM сарапшылары Балқаш бассейніндегі ұңғымалар мен гидробекеттерді, суармалы алқаптарды араламақшы.