Бұл туралы "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-ның басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриевтің өзі айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Басқару тиімділігін арттыру, жұмысшылардың мәселелерін жедел шешу, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, еңбекті қорғауды және әлеуметтік қолдауды жақсарту өзгерістің басты мақсаты саналады. Сондай-ақ, реформа барлық деңгейдегі ашықтық пен жауапкершілікті арттыруға бағытталып отыр.
Қайта құру барысында 2 басқарушылық деңгей жойылмақ. Олар – корпорацияның бас директоры және тау-кен байыту кешенінің бас директоры. Филиал жүйесі де қайта қарастырылады. Аталған шешім қабылдауды жеделдетіп, компаниядағы байланысты жақсартады деп болжанған.
Жезқазған қаласындағы еңбек ұжымдарымен кездесуде Нұрахмет Нуриев осыған дейін компанияның бас директоры лауазымында болған Олег Копытовқа атқарған жұмысы үшін алғысын айтып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, "Қазақмыс" корпорациясы" ЖШС-ның басқарма төрағасы жаңа 2 орынбасарын таныстырды. Саят Бәкіров Нұрахмет Нуриевтің өндіріс жөніндегі, Ғалым Нұржанов геология және даму жөніндегі орынбасары болды.
Құрылымдардың түрленуіне байланысы өндірістік барлық кәсіпорын технологиялық және географиялық қағидат бойынша қайтадан құрылады. Маусымға дейін компанияның құрылымында 5 дербес бөлімше жасақталмақ.
Олар:
- Нұрқазған тау-кен өндірісі;
- Жезқазған тау-кен өндірісі;
- Қарағайлы тау-кен өндірісі;
- Балқаш тау-кен өндірісі;
- Шатыркөл-Жайсан тау-кен өндірісі.
Әрбір бөлімшені мәселені жедел шешу үшін қажетті өкілеттіктер берілген тәжірибелі басшы басқарады.
Басқарудың жаңа жүйесі әрбір бөлімшенің өндірістік, әлеуметтік және еңбек мәселелері бойынша дербестігін қамтамасыз етеді, шешім қабылдау үдерісін беруге мүмкіндік сыйлайды.
Жаңа құрылымдардың басшылары көшпелі кезеңде барлық үдерісті қайта құрумен, тиімді өзара іс-қимылды қалыптастырумен және өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге күш-жігерін жұмсайды. 1 маусымға дейін бейімдеу кезеңін аяқтап, жаңартылған режимде жұмысты жолға қою жоспарланып отыр.