Бүгін Қарағандыда ондаған тауар өндіруші өз өнімі мен қызметтерін көпке таныстырды. Мұндай ерек шара "Қарағанды бизнес -2023" бизнес-форумы аясында өтті, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.
Шара өңірлік тауар өндірушілердің қауқарын арттыру үшін ұйымдастырылған. Одан өзге облыстық әкімдік пен "Қазақмыс" корпорациясы арасында екі жақты меморандумға қол қойылды.
Іс-шарада өз өнімін ірі өндірістік алып кешендер таныстырды. Мәселен – Қарағанды құю-машина жасау зауыты. Өндіріс ошағы толығымен отандық тауарларды қолданады. Бұл тек өңірлік бизнес климатына емес, тұтас облыс дамуына серпін. Кеншілер өңірінің әкімдігі мен "Қазақмыс" өзара іс-қимыл көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр. Бұл бағытта екі тарап отандық тауар өндірушілердің қауқарын арттыру үшін құны 9 млрд теңгелік ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
"Жергілікті кәсіпкерлерді қолдау және дамыту үшін біз қалалар мен өңірлерде қауымдастық құрдық. Олармен үнемі жүздесіп, өндірісті аралаймыз. Біз қазір отандық тауар өндірушілерді іштей бағалайтын әдістеме әзірлеп жатырмыз. Сәйкесінше, оларда біліктілік алды іріктеу сияқты рейтинг беріледі", - деді "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС сауда үйінің директоры Марина Красюк.
Компания бұл көрсеткіштердің барлығын келешекте сатып алу қызметіне енгізуді жоспарлап отыр. Демек, жеткізушіні таңдар сәтте отандық нарыққа басымдық берілмек. Айта кетейік, "Қазақмыс" корпорациясы үнемі Қазақстандық тауар өндірушілердің дамуына екпін береді. Қарағанды өңірі де бұл бағытта елдің басты индустриалды класстері саналады.
"Біз өңдеу өнеркәсібі бойынша елде көшбасшы болуды жалғастырып келеміз. Облыста жалпы өңірлік өнім 7 трлн теңге немесе 16 млрд доллардан асты. Біз бизнес климатын оңтайландыру үшін жұмыс істеп келеміз. Бүгінге облыс бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша рейтингте 2 орында тұр. Жақсарту үшін әлеуметіміз жетеді. Мәселен, дамудың жаңа тетігі – Сарань индустриалды аймағы. Мұнда өңдеуші өнеркәсібінің жаңа бағыттағы кәсіпорындары ашылды", - деді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Бүгінде өңірде 1 теңге бюджет қаражатына 6 теңге инвестиция тиесілі. Биыл 5 мыңға жуық шағын және орта бизнес жобасы мемлекет тарапынан қаржылық қолдауға ие болды. Ал мұнда бизнес-форумдар компанияларға жергілікті тауар өндірушілер арасынан жаңа серіктес табуға таптырмас мүмкіндік. "Қазақмыс" атап өткендей, Қарағанды облысы елішілік құндылықтарды дамытуға әлеуеті орасан. Осы жылдың соңына қарай, компанияның жергілікті қамту үлесі шамамен 70 пайызға жуықтамақ.