"Казақмыс" Сәтбаевта медициналық орталық салады

444

Сәтбаев қаласында жаңа медициналық орталық бой көтереді.

"Казақмыс" Сәтбаевта медициналық орталық салады Фото: Inbusiness.kz

Жаңа  клиникада дәрігерлерлік және кешенді емдеу-диагностикалық қызметтері көрсетіледі. Аталған орталықты "Қазақмыс" компаниясы Ұлытау облысының әкімдігімен арадағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум асында салады, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Сондай-ақ Сәтбаев қаласы халқының денсаулығын сақтау және нығайту бағдарламасын іске асыру көзделген. Жобаға кореялық Гачон университетінің мамандары мен Оңтүстік Кореяның медициналық ұйымдарды салу жөніндегі сарапшылары тартылды.

Оңтүстік Кореядан келген шетелдік делегация, "Қазақмыс" компаниясының өкілдері, Жезқазған медициналық орталығының, Сәтбаев клиникасының және жобалау ұйымының қызметкерлері жаңа медициналық орталықтың құрылысына қатысты барлық мәселелерді талқылау үшін бас қосты. Дәрігерлердің айтуынша, мұнда медициналық қызметтің толық кешені көрсетіледі. Орталықта диагностика, физиотерапия, оңалту кабинеттері болады. Сонымен қатар, әртүрлі мамандар науқастарды қабылдайды.

"Тұрғындар мен "Қазақмыс" корпорациясы қызметкерлерінің өтініштерін ескере отырып, бұл медициналық орталықты салу жоспарланып отыр. Біз бұл жобамен көптен бері жұмыс істеп келеміз. Аумақ, ғимарат, кеңселер, бөлімдердің жобасы әзірленді. Біріншіден, Сәтбаев үшін бұл диагностикалық қызметтер, екіншісі  "Қазақмыс" корпорациясының жұмысшыларына арналған өндірістік медицина. Яғни медициналық тексерулер мен еңбек гигиенасы ең заманауи деңгейде болады деген сөз", - дейді Сәтбаев қаласы бойынша  "Жезқазған Медициналық орталығы" ЖШС директорының орынбасары Төлеу Тілегенов.

Жоғары сапалы және сараптамалық жобалау жұмыстары үшін шетелдік мамандар тартылды. Өткен аптада Сәтбаевқа Оңтүстік Кореядан 8 сарапшы келді. Олардың қатарында денсаулық сақтау саласының  білікті менеджерлері, профессорлар, медициналық ұйымдар құрылысының сарапшылары, сондай-ақ IT мамандары бар.

Оңтүстік кореялық делегация өкілдері, жаңа емханаға қатысты ұсыныстардан бөлек "Қазақмыс" компаниялар тобының сенімгерлік басқаруында жұмыс істеп тұрған "Жезқазған медициналық орталығына" жоғары баға берді.

"Біз барлық халықаралық талаптарға жауап беретін медициналық орталықты жобалап, құруды көздеп отырмыз. Біздің ойымызша, Қазақстанда IT-индустриясы өте жақсы дамыған және қарқынды түрде ілгерілеп жатыр. Сондықтан қысқа мерзімде елдегі денсаулық сақтау жүйесін жақсартуға көмектеседі деп санамаймыз. Қазір Қазақстанда алғашқы медициналық-санитарлық көмек өте дамыған, көптеген көршілес елдерден алда. Енді қаланың амбулаториялық қызметін жақсарту үшін осы медициналық орталықта аталған жетістіктерді барынша жүзеге асыру міндеті тұр", - деді консалтинг тобының жетекшісі Чхве ВонХо.

"Қазақмыс" корпорациясы  әлеуметтік бағыттағы компания. Әлеуметтік жобалар ішінде Сәтбаев қаласындағы медициналық орталықтың құрылысы ерекше орын алады. Оның мақсаты  жұмысшылардың, кеншілердің, олардың отбасы мүшелерінің, сондай-ақ халықтың денсаулығына қамқорлық жасау. "Қазақмыс" корпорациясы бұл жолы да басқа жобаларымыз сияқты жоғары деңгейде іске асыруды көздеп отыр", - деді  "Қазақмыс" корпорациясының медицина және денсаулық сақтау мәселелері бойынша кеңесшісі Азель Рамазанова. 

Нысанның құрылысын 2025 жылы бастау жоспарланып отыр. Жаңа медициналық орталық  "Қазақмыс" компаниясы мен Ұлытау облысы әкімдігінің арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум аясында салынбақ. Сонымен қатар Сәтбаев қаласы тұрғындарының денсаулығын нығайту және сақтау бағдарламасы аясында  жүзеге асырылып отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу