"Қазақмыс" Ұлытау облысында денсаулық сақтау нысандарын салады

607

Жаңа емхана, перинаталдық орталық, жарақат пункті пен модульдік гараждар. Жақында Ұлытау облысында осындай маңызы зор денсаулық сақтау нысандары ашылады.

"Қазақмыс" Ұлытау облысында денсаулық сақтау нысандарын салады Фото: almaty.tv

Қаржыландыратын  "Қазақмыс" корпорациясы. Холдинг жаңа облыстағы халықтың жағдайына баса назар аударып, денсаулық саласы сапасын жақсартуды көздеп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Сәтбаев емханасының бұл жедел жәрдем көлігі денсаулығына қауіп-қатер төнген жандарға дер кезінде көмек көрсетілуі үшін кез келген уақытта жолға шығуға әзір. Алайда, санитарлық көліктің үздіксіз жұмыс істеуі үшін техникалық жабдықталуы жоғары деңгейде болуы керек. Өңірдің ақ халатты дәрігерлері міне 10 жылдан бері модульдік гараж ашылуын күтіп жүр. 

"2013 жылдан бері гараж деген мәселе көтерілген. Бірақ қаражат бойынша салынбаған. Қазіргі уақытта "Қазақмыс" корпорациясының басшылығы бізге осындай мәселе көтеріп, гараж салып береміз деп жатқан. Оған үлкен қаражат қажет етеді. Сондықтан біз "Қазақмыс" басшылығына ризашылығымызды білдіреміз. Мекемеге, халық елшілігіне көрсетілген бір көмек деп есептеймін", дейді Сәтбаев қаласы емханасының директоры Ғабиден Аханов.

Сәтбаев емханасының қаражаты кеншілер қаласы тұрғындарының тең жартысына медициналық көмек көрсетуге жеткілікті. Енді дәрігердің қабылдауына кіру үшін ұзын-сонар кезекте тұру міндетті емес. 

Себебі, "Қазақмыс" алдағы 3 жыл ішінде 17 мың адам емделе алатын тағы бір емхана салып беруді жоспарлап отыр. Оның үстіне орталық аурухана аумағында жаңа жарақат пункті ашылады. Яғни, жұрттың жарасына ем іздеп Жезқазғанға сабылуы да тыйылады. Оған қоса Ұлытау облысы орталығында меморандумды жүзеге асыру мақсатында жаңа перинаталдық орталық салынады. 

"Жеке инвестициялар үлесінің басым бөлігі Қазақмысқа тиесілі екендігін атап өткім келеді. Президент Қазақстанда 8 перинаталдық орталық ашылатынын хабарлаған, оның бірі осы Жезқазғанда. Бұл өңірдегі ана мен баланы қорғау мәселесі үшін аса қажет жоба екенін айтқым келеді", деді Ұлытау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова.

Ләззат Ранова атап өткендей, жаңа перзентханада тек нағыз мамандар жұмыс істейтін болады. Салтанатты ашылуына дейін олар елдің ең үздік емханаларында тәжірибе жинап, біліктілігін арттырады. "Қазақмыс"  облыстың денсаулық сақтау саласын дамытудан бөлек, мәдени және спорт кешендерінің де құрылысына қаржы бөледі. 

Сымбат Серікқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу