"Қазақмыста" бастығына шабуыл жасаған азматқа қатысты сот үкімі шықты

712

Сот шешімімен "Кәсіп қорған" кәсіподақ ұйымының төрағасы марқұм болған  Тоғызбай Тажбенов қылмыстық іске кінәлі деп танылды.  

"Қазақмыста" бастығына шабуыл жасаған азматқа қатысты сот үкімі шықты

Қаза болған адамға қатысты сот процесінің жүруі еліміз бойынша алғаш рет Қарағандыда өтті.  Сот барысында  судья барлық куәгерлер мен сарапшылардың қорытындысын және көрсетілімдерін оқып шықты.

Еске сала кетсек,  21 қаңтарда Жезқазған қаласының "Қазақмыс" корпорациясы филиалының тау кен байыту кешенінің бас директоры Амангелді Минигуловтың кабинетіне Тоғызбай Тажбенов кіріп келіп қарудан оқ атқан. Бағытталған оқ Амангелді Минигуловқа тимеген. Мылтық дауысын естіген  сондағы мамандар Сабыржан Тембаев,  Владимир Лян, Төлеген Пішембаев  кабинетке кіріп келіп, оның қолынан қаруын жұлып алған. Осыдан кейін Тоғызбай Тажбенов бастығының арқасына пышақ салып алған.  Кейін өздерін арашалап жүрген Сабыржан Тембаевты ішінен пышақпен  жарақаттаған. Ең соңында Тоғызбай Тажбенов өзіне пышақ салып өмірден озған. Заңға сай күдікті қайтыс болған соң істі тоқтатпақ болған, алайда марқұм Тоғызбай Тажбеновтың ұлы әкесін ақтап алуын сұрап сотқа өтініш түсірген. Тоғызбай Тажбеновтың ұлы әкесін қылмыс жасамады  деп есептейді.

Тоғызбай Тажбенов 2018 жылдан 2020 жылға дейін "Кәсіп қорған" тау- кен металлургия кәсіпорындары жұмысшыларының кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің төрағасы болған. Сотта келтірілген мәлімет бойынша  "Қазақмыс Холдинг" ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымдарының кейбір басшыларынан Т.Тажбеновтың іс-әрекетіне қатысты наразылық туындаған. Осыдан кейін, Жезқазған кен байыту фабрикасы кәсіподағының 12 мүшесі "Қазақмыс" корпорациясының директорлар кеңесінің төрағасы Эдуард Огайға шағым хат жолдаған. Амангелді Минигулов Тоғызбай Тажбеновті орнынан алмақ болған соң жанжал туындаған. Прокурор сотта Тажбеновті барлық баптар бойынша кінәлі деп танып, жаза тағайындайтын адамның өмірден озғанына байланысты қылмыстық  істі қысқартуды сұраған. Судья Исламхан Есенбаев қылмыстық оқиғаны көрген куәгерлердің көрсетілімдерінде қарама- қайшылық болған жоқ деп атап өтті. Сот шешімімен Тоғызбай Тажбенов кінәлі деп танылып, бұл қылмыстық іс қысқаратын болды.

"Адамды  өлтіруге оқталу және қаруды заңсыз алып жүру фактісі анық болып табылады, қылмыс тікелей куәгерлердің  көз алдында жасалған. Өлімнен кейінгі психологиялық-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес, Тажбенов психикалық сау болған, өмірінде қандай да бір психикалық бұзылудан зардап шеккен жоқ, яғни әрекет жасағанда афект жағдайында болған жоқ.  Оның әрекеттері саналы түрде жасалған, сондықтан оны қылмыстық жауапкершіліктен босатуға негіз жоқ", – деп мәлімдеді Қарағанды облысы қылмыстық сотының баспасөз қызметі.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу