Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков Оқу-ағарту министрлігі ұсынған жаңа оқу бағдарламасына қатысты мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Өз басым негізі "жаңа бағдарлама" деген сөзден қорқамын. Өйткені қиналатын балалар. Керек десеңіз, зардап шегетін де сол балалар. Мектептің жаңа бағдарламасы балаға ертең мектептен кейінгі білім алуға мүмкіндік беретін жағдай жасауы керек. Сонда сіздер 11 пәнмен шеке шылқытпағанда, 8 пәнмен қалай шылқытайын деп отырсыздар? Екіншіден, мен жаңа бірдеңе естимін деп келдім. Сіздер босқа екі сағат уақыт алдыңыздар. Сіздердің не бағдарламаларыңызды, не онда көрсетілген жаңалықтарыңызды көрген жоқпын. Жаңа бағдарлама ма, басқа бағдарлама ма, мектепте 10-11 сыныпта оқитын бала қосымша курсқа барады. Неге ол қосымша курсқа барады? Бармаса дұрыс балл жинай алмайды", – деді Мәжіліс депутаты.
Сонымен қатар, депутат мектептердегі инклюзия мәселесін көтерді.
"Сіздерде не ым-ишарат тілінде алфавит жоқ, не Брайль әліпбиі жоқ. Оның қазақ, орыс тіліндегі нұсқасы қайда? Көрші мемлекеттерде бәрі қабылдаған. Бізде ол жоқ. Қай мектепте сурдолог бар? Астананың мектептерінің өзінде мылқау балаға бірде-бір бағдарлама бейімделінбеген. Қай жерде оқуы керек? Астанада 31 мың мылқау бала бар. Негізгі жаңа бағдарлама дегенде жаңа дүние естігім келді. Сегіз пәнді курстарда да оқи салады. Біз бәсекеге қабілетті балаларды дайындауымыз керек", – деді Таңсәуле Серіков Мәжілісте өткен комитет отырысында.
Айта кету керек, осыған дейін депутаттардың бірі қазақ тілінің грамматикасын жоғалтып жатырмыз деп алаңдаушылық білдіргенін жазған болатынбыз.