Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“Сауда айналымын арттыру. Соңғы жылдары Орталық Азия елдерінің ішкіаймақтық экономикалық байланыстары сапалы тұрғыдан жаңа деңгейге шықты. Былтыр Қазақстанның аймақтағы елдермен сауда айналымы 19 пайызға өсіп, 8 млрд долларды құрады. Біз бұл көрсеткішті 15 млрд долларға жеткізуді мақсат етіп отырмыз”, - деді ол "Орталық Азия – Еуропалық Одақ" басшыларының екінші кездесуінде .
Президенттің сөзінше, Еуропалық Одақ елдерімен жалпыаймақтық сауданың көлемі де артқан. Сондай-ақ, ол өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 60%-ға артып, 49 млрд долларға жеткен.
"Негізгі міндет – сауда номенклатурасын кеңейту арқылы экспортты ұлғайту. Қазақстан машина жасау, темір және болат өндірісі, тамақ өнеркәсібі секілді салалар бойынша құны 2,3 миллиард доллар болатын 175 шикізаттық емес тауар түрі бойынша ЕуроОдақ елдеріне экспортты ұлғайтуға дайын. Ауыл шаруашылығындағы ынтымақтастықтың келешегі зор", деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Транскаспий халықаралық көлік бағыты стратегиялық маңызға ие екенін айтқан болатын.