Қазақстан 2023 жылдың қаңтарында Германияға сынақ ретінде мұнай жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр

615

"ҚазМұнайГаз" басшысы Германияға мұнай экспорттау мәселесі бойынша келіссөздер жүргізді, деп inbusiness.kz  ұлттық компания баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстан 2023 жылдың қаңтарында Германияға сынақ ретінде мұнай жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр Фото: tvzvezda.ru

Ұлттық компания баспасөз қызметі таратқан ақпарға сәйкес, 20 желтоқсан күні "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиев ГФР экономика және климатты қорғау істері министрлігінің парламенттік статс-хатшысы Михаэль Кельнермен (видеобайланыс арқылы) және Астанада Германияның Бундестаг депутаты, Cолшылдар партиясының парламенттегі өкілі Кристиан Гёркемен кездесті.

Тараптар Шведт қаласындағы мұнай өңдеу зауытына Қазақстан мұнайын экспорттау мәселелерін талқылады.  

Бундестаг депутаты "Дружба" мұнай құбыры арқылы Қазақстан шикізатын тұрақты түрде жеткізуге қызығушылық білдірді.

ҚМГ басшысы Қазақстан мұнайын аталған мұнай құбыры арқылы Германияға экспорттау мүмкін екенін, алайда келісімшарт және техникалық мәселелерді шешу қажеттігін айтты.

"ҚМГ-нің мұнай өндіруші ұйымдарының шикізаты Қазақстан Республикасының ішкі нарығына мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін отандық мұнай өңдеу зауыттарына жіберіледі. Ал ҚМГ мұнайының экспортқа шығатын көлемі бірыңғай жүйелік трейдер — KMG Trading мекенжайына жеткізіледі, ол алдымен "ҚазМұнайГаздың" Румыниядағы мұнай өңдеу зауыттарының қажеттілігін өтейді. Экспортқа арналған мұнайдың қалған көлемі ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша сатылады. Сонымен қатар, "ҚазМұнайГаз" ҚР Президентінің тапсырмасына сәйкес, Германияға сынақ ретінде мұнай партиясын 2023 жылдың қаңтар айында жөнелту мүмкіндігін қарастырып жатыр", - деп атап өтті М.Мырзағалиев.

Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға үміт білдірді.

Бұған дейін ҚР Энергетика министрі Болат Ақшолақов Қазақстан Еуропаға, оның ішінде Шведт мұнай өңдеу зауытына мұнай жеткізу бойынша ұсыныстарды қарастыра алатынын айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу