Елімізде сутекті энергетиканы дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып жатыр.
Оның айтуынша, қазіргі таңда Энергетика министрлігі 2030 жылға дейінгі сутекті энергетиканы дамыту тұжырымдамасын ілгерілетіп жатыр.
Құжат аясында технологияны сынақтан өткізу, инвестиция тарту және тиісті нормативтік-техникалық базаны қалыптастыру мақсатында бірнеше пилоттық жоба іске қосылады.
– 2026 жылы бу-газ қондырғыларында сутекті қолдануды бастау, 2027 жылы қоғамдық көлікте пайдалану, ал 2028 жылы алғашқы сутек құю станцияларын салу жоспарда бар, – деді вице-министр.
Сутекті энергетика саласындағы алғашқы ірі жоба – Hyrasia One. Ол Маңғыстау облысында немістің Svevind Energy Group компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатыр.
– Жоба аясында қуаты 40 ГВт болатын жаңартылатын энергия көздері салынып, жылына 2 млн тоннаға дейін жасыл сутек немесе 11 млн тонна аммиак өндірілмек, – деді Ілияс Бақытжан.
Қазір жоба бойынша алдын ала инженерлік әзірлеме аяқталған, ал екі жылдық экологиялық сараптама жүріп жатыр. Жоба іске қосылғанда шамамен 1800 адам жұмыспен қамтылуы мүмкін.
Министрлік халықаралық серіктестермен де бірлесе жұмыс жүргізуде. Мәселен, Астанадағы Сутекті дипломатия кеңсесімен диалог орнатылып, сутекті Еуропаға экспорттау, су ресурстарын басқару және тасымалдау мәселелері бойынша зерттеулер жүргізілуде.
Вице-министр Қытаймен ынтымақтастықты да атап өтті. Қазақстан China Energy корпорациясымен сутек өндірісін жергіліктендіру, EPC-келісімшарттар және сутек кластерін дамыту бағытында жұмыс істеп жатыр. Бұдан бөлек, екіжақты меморандумға сәйкес бірлескен зертхана құрылмақ.
Айта кетейік, қазіргі таңда Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде "Қазақстан Республикасының сутекті энергетикасын дамыту перспективалары" тақырыбында дөңгелек үстел өтіп жатыр.
Еске салсақ, 2023 жылы елімізде сутекті энергетиканы дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы ресми түрде бекітілген болатын.