Қазақстан зерттелген жер қойнауы аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайтады

129

Энергетика министрлігі ашықтық саясатын жалғастырып, өңірдегі жер қойнауын жоғары технологиялық барлау мен игеруге инвестиция салуға дайын халықаралық компанияларға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр.

Қазақстан зерттелген жер қойнауы аумағын 2,2 млн шаршы шақырымға дейін ұлғайтады Фото: dprom.kz

"Geoscience & Exploration Central Asia" халықаралық форумында өткен "Орталық Азияның көмірсутек ресурстары: дамуы мен сын-қатерлері" тақырыбындағы панельдік сессияда Энергетика вице-министрі Ерлан Акбаров жер қойнауын пайдалануды дамыту стратегиясы мен инвестиция тартуға бағытталған заңнамалық өзгерістерді таныстырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Вице-министрдің айтуынша, Қазақстанның жер қойнауын пайдалану саласы 2023 жылдан бастап қарқынды дамып келеді. Геологиялық барлауға салынған инвестиция көлемі шамамен 433 миллиард теңгеге жетті, ал көмірсутектерді барлау мен өндіруге арналған келісімшарттар саны 319-ға дейін артты.

Ерлан Акбаров Мемлекет басшысының 2026 жылға дейін геологиялық зерттелген аумақты 1,5 миллионнан 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін ұлғайту тапсырмасын орындау мәселесіне назар аударды. Осы мақсатта 2022-2025 жылдары заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілді. Олардың ішінде "дәстүрлі емес көмірсутектер" ұғымын енгізу, электрондық аукциондарды жеңілдету және күрделі жобаларға арналған Жақсартылған модельдік келісімшартты әзірлеу бар.

Жаңа шаралар әкімшілік кедергілерді төмендетуге бағытталған. Енді инвесторлар аукцион өтініміндегі қателерді түзете алады, ал сейсмикалық зерттеулер бұрғылаудың тиімді еместігін дәлелдеген жағдайда учаскені айыппұлсыз қайтаруға мүмкіндік бар. Бұл жер қойнауын пайдаланушыларға әр кезеңде 300 мың АҚШ долларына дейін үнемдеуге жағдай жасайды.

Саланы цифрландыру және ашықтықты арттыру аясында өткізілген 11 аукцион нәтижесінде 55 миллиард теңге көлемінде инвестициялық міндеттемелері бар 121 учаске берілді.

Сонымен қатар, Ерлан Акбаров игеріліп жатқан кен орындарын қолдау мақсатында "Жер қойнауын пайдалануға баламалы салық" режимін енгізу туралы айтты. Бұл режим кен орындарын пайдалану мерзімін 25 жылға дейін ұзартуға мүмкіндік береді. Мемлекеттің стратегиялық бақылауы күшейтіліп, барлық ірі кен орындарына ұлттық компанияның кемінде 50% үлесі заңда бекітілді.

Соңғы екі жылда 35 мұнай кен орны өндіріске өтті, ал Рожковское, Оңтүстік Ақсай және Анабай жобаларында газ өндіру басталды.

Геологиялық барлауды жандандыру мақсатында "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Кодекске аз зерттелген аумақтардағы жұмысқа қатысты түзетулер енгізілді. Бұл өзгерістер инвесторларға қолайлы жағдай жасау және жер қойнауын пайдалану құқығын алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Жақын арада Қазақстан ұзақ мерзімді энергетикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін перспективалы учаскелерді аукционға шығарады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу