Көлік министрі Марат Қарабаев 2029 жылға дейін 1200-ге жуық жолаушылар вагоны сатып алынатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Маңызды мәселелердің бірі – жылжымалы құрамның тозуы, оны уақытылы жаңарту және модернизациялау қажеттілігі. Қазір локомотив паркі 1 мың 807 локомотивтен тұрады. Тозу деңгейі – 61%. Жылжымалы құрамның жұмысқа қабілеттілігін қамтамасыз ету және парктің тозу деңгейін төмендету мақсатында биыл 185 локомотив сатып алынды", – деді ведомство басшысы Үкімет отырысында.
Көлік министрі Марат Қарабаев келесі жылы 187 бірлік сатып алу жоспарланғанын, ал одан кейінгі үш жылда тағы 257 локомотив жеткізілетінін айтты. Бұл локомотивтердің жетіспеушілігін толық жоюға ықпал етпек.
"Жүк вагондарына тоқталатын болсақ, жалпы парк 139 мың вагоннан тұрады. Бұл нарықта 300-ден астам жеке операторлар жұмыс істейді. Оның ішінде Қазақстан темір жолына 38 мың вагон тиесілі, олар әлеуметтік маңызы бар тасымалдарға, яғни елдің энергетикалық секторына және халыққа көмір жеткізуге жұмылдырылған. 2026 жылға дейін Ұлттық оператор қосымша 3 мың ашық вагон сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 800 бірлігі осы жылы пайдалануға берілді", – деп атап өтті ол.
Бұдан бөлек жолаушылар вагондары паркіне де ерекше назар аударылып жатыр.
"Өткен жылы 118 жаңа вагон сатып алынса, биыл 143 бірлік жеткізіледі. Келесі жылы 226 вагон сатып алу жоспарланған. 2029 жылға дейін 1200-ге жуық жолаушылар вагондары сатып алынады, нәтижесінде вагон паркі 3 мың бірліктен асып, оның тозу деңгейі 38%-ға дейін төмендейді", – деді ведомство басшысы.