Ел үкіметі 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейін 46 100 АҚШ долларына дейін жеткізбек, деп хабарлайды abctv.kz.
Жыл басында мемлекет басшысы елдің 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспарына қол қойған болатын. Жоспардың негізгі мақсаты – экономиканың сапалы және тұрақты дамуына қол жеткізу. Осылайша, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне сәйкес, адамдардың өмір деңгейін көтеру.
"Ол үшін экономиканың орта есеппен жылына 4,5-5,0%-дан кем емес деңгейдегі өсімі жоспарлануда. Бұл 2025 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің деңгейін 46 100 АҚШ долларына дейін өсіруді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар жалпы ішкі өнім өмір сапасын, азаматтардың нақты әл-ауқатының деңгейін және қоршаған ортаға келтірілген зиянды толығымен көрсетпейді. Осыған байланысты, 30 дамыған елдің қатарына кіру жолындағы прогрессті өлшеу үшін және қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін халықтың өмір сапасын және экономиканың даму сапасын көрсететін түйінді ұлттық индикаторлар көзделді", – деді ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов бүгінгі үкімет отырысында.
Тиімді ұлттық индикаторлар 14 салаға бөлінген және халықаралық рейтингтерді қоса алғанда 37 индикаторды қамтиды. 2025 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының тиімді ұлттық индикаторларына қол жеткізу мақсатында стратегиялық карта әзірленді.
"Тиімді ұлттық индикаторларды бөлгенде олардың нәтижелеріне қол жеткізуге жауапты мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органның үлесі анықталды. Атап айтқанда, салалар және өңірлер бойынша "еңбек өнімділігінің өсуі", "негізгі капиталға инвестиция жұмсау" "бақыланбайтын экономика үлесі" сынды үш кешенді индикатор бөлінді. 16 индикатор өңірлер бөлінісінде көрсетілді. 18 индикатор бойынша салалар және өңірлерге бөлінбестен мемлекеттік органдардың тікелей міндеттері айқындалды", – деді Тимур Сүлейменов.
Фархат Әміренов